БҚО қоғамдық кеңесінің төралқа отырысында 2021 жылға, дəлірек айтқанда алғашқы тоқсанға əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мəндерін бекіту туралы хабарлама тыңдалды. Облыстық кəсіпкерлік жəне индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақдəулет Ибраимовтың айтуынша, халық ең көп тұтынатын тауар түрлерін көтерме саудамен алған кəсіпкерлердің үстеме бағасы 15 пайыздан артық болмауға тиіс. Мұндай дерек анықталса, саудагерлер айыппұл арқалайды. Төралқа мүшесі Жұмажан Қожжанов мəселенің бəрі айыппұлмен шешілмейтінін шегелеп айтты. Ол өз сөзінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде ширақ қимылдап, күні бұрын қамданып отырудың маңыздылығына тоқталды. Ал, Данильбек Саратов азық-түлік тауарлары бағасының жиі құбылуы жұртшылықтың арыз-шағымын көбейткенін жəне көп жағдайда тұрғындардың ойы орынды екенін жеткізді. Əріптесіміз Əлия Салиеваның сөзінше, жергілікті атқарушы органдар жоғарыдан түскен тапсырманың соңында жүріп, кей жағдайда жергілікті ерекшеліктерге байланысты өзіндік ұсыныс дайындауға дəрменсіз. «Мұның салдарынан тауар құнына қатысты түсініспеушілектер туындауы мүмкін», – дейді төралқа мүшесі. Өңірде жұмыртқа бағасының шарықтап бара жатқанына алаңдаушылық білдірген төралқа мүшесі Алтынай Искалиева олқылықтың орнын толтыру мақсатында ауылдық жерлерде азаматтарға құс балапандарын таратып, шағын отбасылық кəсіпті жандандыру туралы ұсынысын жеткізді. Жиында мемлекеттік қолдауды сезініп, түрлі деңгейде демеуқаржыға ие болған кəсіпкерлердің қайтарымы да көп жағдайда ойлағандай болмайтыны айтылды. Қарапайым мысал, картоп еккен шаруалардың басым бөлігі келісімге сай жиналған өнімді қоймасына салып, сақтап сатудың орнына, сол бойда өткізіп жіберуге асығады. Мұның өзі уақыт өте келе өнімнің тапшылығын тудырып, бағаны құбылтады. Жиынды қорытындылаған қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов жергілікті өнімдерді де қолдаудың маңызын айтты. «Бизнес өкілдерін де қолдаған жөн, бірақ кəсіпкерлер де қанағатшыл болуы қажет. Бағаны негізсіз өсіре беретін саудагерлермен жүйелі əрі қатаң жұмыс жүргізілу қажет. Қоғамдық кеңес мүшелері мониторинг тобының құрамында бұл бағытта нəтижелі жұмыс істеуге дайын», – деді Ербол Ғұмарұлы.

