Біз, Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің диалог алаңына қатысушылар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияға ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы шешімін қолдаймыз!
Референдум – халық билігінің айқын көрінісі. Конституция баптарының үштен бір бөлігіне түзетулер енгізу көзделгенін ескерсек, біздің пікірімізше, мемлекет тарихындағы маңызды оқиға барлық қазақстандықтың қатысуымен жүзеге асырылуы — өте орынды шешім және елді одан әрі демократияландырудың озық үлгісі.
Ата Заңға ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың жобасын жан-жақты талқыладық. Конституциялық реформаның ерекшелігі — саяси жүйені жаңғырту арқылы мемлекетімізді жетілдіру әрі нығайту. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бұл қадам суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшуді, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлуді, Парламенттің рөлін күшейтуді, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруді көздеп отыр.
Біз тәуелсіз елімізді құқықтық мемлекет ретінде дамыту жолындағы республикалық референдумның рөлін сезіне отырып, бар күш-жігерімізді біріктіру арқылы жерлестеріміз арасында бүкілхалықтық дауыс берудің мән-маңызын насихаттауға атсалысамыз. Осы орайда халықтың түрлі топтарымен белсенді жұмыс жүргізуге дайынбыз.
Бұл референдум бүгінгі қоғамның ғана емес, келешек ұрпақтың да тағдырына тікелей әсер етеді. Ендеше, елдің ертеңіне бейжай қарамайық! Біз барлық батысқазақстандықты 5 маусым күні азаматтық ұстанымын танытып, дауыс беруге белсенді қатысуға шақырамыз!