Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша 2021-2022 оқу жылына техникалық жəне кəсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлау мақсатында жергілікті бюджет қаржысы есебінен 57 мамандық, 27 біліктілік бойынша 3512 тапсырыс жарияланған. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықовтың төрағалығымен өткен консультативтік-кеңесші органның төралқа отырысында БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Зəуре Ғұмарова мəлімдеді. Оның айтуынша тек мемлекеттік емес, жеке колледждердің де мемлекеттік қызмет нысанына сəйкес конкурстық құжаттары қабылданып, қыркүйекке дейін оқушыларды қабылдау сатысы толығымен аяқталған.
Қаулы жобасымен жан-жақты танысқан төралқа мүшелері ой-пікірін ортаға салды. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, ғылым-білім саласында елеулі еңбек сіңірген профессор, академик Ақсерік Əйтімов өзекті мəселелерге тоқталды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа жолдауында білім мен ғылымға ерекше екпін түсіргенін айтқан Ақсерік Сарыұлы осы бағытта жұмысты жандандыру қажет деп санайды. «Уақыттың тегерурінді талаптарына лайықты жауап берудің бірден бір жолы – білім мен ғылым. Сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға көп күш салуымыз керек. Болашақ геологтарды, цифрландыру мен мұнай-газ саласы мамандарын тəрбиелеу маңызды. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін кəсіби мамандарды қалыптастырып, уақытында оқытып-тоқытуымыз қажет», – дейді Ақсерік Əйтімов. Ол мұндай мамандарды оқыту үшін колледждер материалдық-техникалық базаның жоқтығы, яғни лицензия мəселесімен бетпе-бет келетінін сөз етті. «Қазір лицензия алу – қиынның қиыны. Ол үшін оқу жоспары стандартқа, ал стандартың оқу жоспарына сай болуы керек. Меніңше, оқу орындарына сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беру керек. Лицензия алу талаптарын жеңілдету немесе уақытша мораторий жариялау қажет», деп түйіндеді төралқа мүшесі.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зəуре Ғұмарова мемлекеттік білім беру тапсырысы кəсіпкерлік палатасы, салалық басқармалар, жұмыспен қамту орталықтарының ұсынысы негізінде қалыптасатынын, əзірге жоғарыдағы мамандықтар бойынша өтініш болмағанын жеткізді. Көтерілген мəселенің маңыздылығына тоқталған салалық басқарма өкілі бұл бағытта жұмыстанатынын жеткізді.
Облыстық қоғамдық кеңес талқыланған тақырып бойынша БҚО білім саласындағы сапаны қадағалау департаменті мен облыстық білім басқармасына тиісті ұсынбалар жолдады.
