Баршаңызды Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, ортақ Отанымыздың өркендеуі, халықтың игілігі жолындағы əрбіріңіздің үлесіңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз!
Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көктемнің бірінші күні, дəлірек айтқанда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған уақыты «Алғыс айту күні» мерекесі болып бекітілді. Бұл күн – тағдырдың талай тауқыметін тартқан бабаларымыздың бауырмалдығы мен бірлігін, дархандығы мен даналығын дəріптеп, төл тарихтан тəлім алатын тағылымы зор, мағынасы мол мейрам. Түрлі жағдайда атамекенімізге күштеп қоныстандырылған жұртты жатырқамай бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеген қазақтың қайырымдылық қасиеті, кең пейілі бүгінде тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір жандардың көркем тірлігін, бекем бірлігін қалыптастырды. Бабаларымыз салған сара жолдан жаңылмай, береке-бірлікті баянды ету – бəріміздің бірдей міндетіміз!
Алғыс айту күнінде Қазақ халқы мен оның қатпарлы тарихына құрмет танытып қана қоймай, қоғамның кез келген мүшесі бір-бірімізге шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғыс сезімін арнасақ, құба-құп. Біз, қоғамдық кеңес мүшелері, барлық батысқазақстандыққа мерекелік лебізімізді жолдай отырып, жерлестерімізді əрдайым достық туын биік көтеруге, құндылықтарды қорғауға, бейбіт күнді баянды ету жолында болашақта да бас біріктіруге үндейміз!
Əр шаңырақтың бақ-ырысы, құт-берекесі көбейсін! Баршаңызға мың алғыс!
