БҚО қоғамдық кеңесі жыл басынан бері өңірдегі медициналық қызметтің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізіп, осы саладағы ахуалға ерекше назар аударғанынан жұртшылық хабардар. Арнайы шақырылған сарапшылар мен сала ардагерлерін айтпағанда, қоғам өкілдері де кездесулерде немесе əлеуметтік желідегі парақшамызда ұсыныс-тілегін жеткізіп, азаматтық белсенділік танытты. Биылғы 14 мамырда облыстық қоғамдық кеңес ел пікірін ескере отырып, бақылау шарасының қорытындысына сай қарар қабылдаған еді. Төралқа отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков аталған қарардың орындалуы туралы ақпарат берді.
Арман Талғатұлының айтуынша, өңір тұрғындарының өтініштері санын азайту және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру жөніндегі 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарында бірқатар мəселе ескерілген. Мысалы, медициналық ұйымдардың басшылары жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ZOOM платформасы арқылы халыққа есеп береді. Денсаулық сақтау басқармасымен бекітілген кестеге сәйкес олар апта сайын азаматтарды онлайн қабылдайды. Аталған қабылдауға денсаулық сақтау басқармасының бас мамандары қатысады. Қабылдау күні және жазылу тәртібі туралы әр ұйымның интернет ресурстарында, стендтерде жарияланған. Ал медицина қызметкерлерінің этика-деонтология сауаттылығы ұйымның пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметімен қадағаланады.
Облыстық қоғамдық кеңестің баспасөз беттері мен интернет кеңістігінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ширату туралы ұсынбасы бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Мəселен, сала басшысы бұдан былай əлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МƏМС аясында ақысыз көрсетілетін медициналық қызмет түрлері, тегін дәрілік қамтамасыз ету туралы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілетініне сендірді. Сондай-ақ, медициналық ұйым басшыларын аттестаттаудан өткізу кезінде қоғам өкілдерін қатыстыру көзделіп отыр. Ал жас мамандардың кәсіби біліктігін арттыру мақсатында «тәлімгерлік» әдісіне ерекше мəн берілмек.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Ғұмарұлы қарардың орындалуы бойынша жасақталған жоспардың маңыздылығын атап өтті. Ол əсіресе қауіпті індетпен бетпе-бет келген қазіргідей кезеңде денсаулық сақтау саласында атқарар қызмет те, арқалар жүк те жеңіл болмайтынын, ел-жұрттың да оның бəрін бағалап, түсініп отырғанын жеткізді. Дегенмен, ашықтық пен жариялылық, сапалы қызмет қай кезде де бірінші орында болу қажеттігін қаперледі.
Төралқа мүшелері «Батыс Қазақстан облысы тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің жағдайы туралы» қарарының орындалуын өзге де құзырлы ұйымдардың қатысуымен қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында қайта қарап, жан-жақты пысықтауға келісті.
