Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева облыстық және қалалық қоғамдық кеңестің мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуінде айтты. «Мемлекеттік органдар тарапынан ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының қаншалықты орындалып отырғанын қоғамдық бақылауға алуға болар еді. Мәселен, ресми сайттардың уақытылы жаңартылуы, интернет-платформаларда деректердің тең қолжетімділігі сияқты заң талаптарының сақталуына мән беру маңызды. Бұл кез келген жеке тұлғаның қажетті ақпаратты дер кезінде білуіне, сондай-ақ бюджет жобасына, өзге де маңызды талқылауларға араласуына мүмкіндік береді», – деді ведомство басшысы. Ол сондай-ақ өңірде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасына жасалған қоғамдық мониторинг жұмыстарын оң бағалап, экологиялық ахуал, жастар мәселелеріне қатысты жұмыс топтарын жандандыруды тапсырды.
