Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес төралқа отырысын, кеңес төрағасы Ербол Салықов ашып, жүргізді. Жиынға төралқа мүшелері және атқарушы органдар басшылары мен құқықтық актілерінің жобаларын дайындауына жауапты мамандар қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Бірінші «2024 жылға Батыс Қазақстан облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалатын шығындардың құнын арзандатуға арналған субсидиялар нормативтерін, субсидиялар алу өлшем шарттарын, өтінім нысаны және өтінім беру мерзімдерін бекіту туралы» облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының м.а Рүстем Зұлкашев хабарлама жасап, бекітуді сұрады. Қазіргі уақытта биылғы жайсыз ауа райына байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары және шектес жатқан Жаңақала, Казталов аудандарының кейбір елді мекендерінде шөптің болмауына байланысты, қысқы мал азығын дайындау мақсатында алынып жатырған шара екенін жеткізді. Хабарламашы осы аталмыш аудандарда мамыр айының басында салқындық болып, шөптің өспей қалғаны гидрометеорология орталығы арқылы анықталғаны және киіктердің шамадан артық көбеюіде зиянын тигізуде екенін төралқа мүшелерінің қатеріне берді. Берілген сұрақтарға байланысты хабарламашы төтенше жағдай жарияланған аймақтағы тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарын қолдау үшінде басқа аудандардан сатып алынған шөптерін тасымалдау шығындарын субсидиялау жоспарланғаны жөнінде айтты.
Төралқа мүшелері жергілікті жерде субсидиялау барысын бақылауды, бюджет қаражатын тиімді жұмсауды ұсынып, облысымызда қиындыққа тап болған адамдарға көмек жасау бағытында жоспарланған жұмыстарға қолдау білдірді.
«Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 30 қыркүйектегі No 38-3 «Амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің, оның ішінде дәрілік заттардың, мамандандырылған емдеу өнімдерінің, медициналық бұйымдардың, Батыс Қазақстан облысы азаматтарының жекелеген санаттарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қосымша беру туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екінші мәселе жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Каналиев хабарлама жасады. Төралқа мүшелері облыстық мәслихат шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тегін медициналық көмектің, оның ішінде дәрілік заттардың және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қосымша беру туралы ұсыныстарды қолдады.
Күн тәртібіне ұсынылған екі мәселені облыстық Қоғамдық кеңесінің төралқа мүшелері жан-жақты талқылап, өз ойларын ортаға салып, ұсынылған жобаларды мақұлдады.