Бұл туралы өңірдегі техникалық, кəсіптік жəне орта білімнен кейінгі ұйымдардағы өзекті мəселелер талқыланған БҚО қоғамдық кеңесінің отырысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Нұрхат Ораш айтты. Оның айтуынша, кейбір мамандықтарды оқыту барысында білім беру ұйымдары уақыт талабымен үндеспейді. Жоғары оқу орындарының колледждерден айырмашылығы қалмай барады. «Жоғары технологиялар əлемі ұсынатын өнімдерге сұраныс артқан бүгінгі күні жəне болашақта да маңызын жоғалтпайтын мамандық туралы бір мысал келтірейін. Оқу орындарында ЭЕМ операторы, информатика пəнінің мұғалімі, бағдарламашы мамандықтары бар. Алайда, осы бағытты таңдаған жастар заман талабына сай толыққанды білім алып шығады деп айту қиын. Дəлірек айтқанда, оқыту бағдарламаларын жаңартып, жаңғыртып отыру қажет. Екінің бірі меңгеріп алатын Exsell, Word бағдарламаларын екі-үш жыл оқыту қисынға келмейді. Ал, қолында дипломы бар түлектердің арасында видеоредактор, фоторедактор, сайт жасақтау, бағдарлама жазу тілін терең меңгергендер некен-саяқ. Онда да олар ютуб не таныстары арқылы өз бетімен оқып, ізденгендер. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамай, оқу орындары уақыт талаптарына тез бейімделіп, заманауи қолданбалы бағдарламаларды үйретуге ден қойғаны дұрыс», – деді Нұрхат Серікқалиұлы.
