ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның облыстық және қалалық қоғамдық кеңестің мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуінде БҚО «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Аслан Тапишев осындай ұсыныс білдірді. «Аймақтық түгілі, аудандық жобалардың конкурсына еліміздің өзге облыстарынан, көп жағдайда оңтүстік өңірдің ұйымдары қатысып, жеңімпаз атанып жатыр. Әрине, мұның ешқандай заңсыздық емес екенін толық түсініп отырмыз. Дегенмен, сапаны қайда қоямыз? Олардың өздері ұтқан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауға мүмкіндігі жетпей жатады. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, көмекке мұқтаж жандарға қатысты маңызды тапсырыстарды орындауға жауапкершілік алады да, ізім-қайым жоқ болады немесе жұмысты сапасыз атқарып шығады. Екі ортада жоба аясында қамтылуы тиіс нысаналы топ зардап шегеді. Осыны ескере отырып, аймақтық, аудандық деңгейдегі тым болмағанда маңыздылығы жоғары жобалар байқауына сол өңірде тіркелген ұйымдарды ғана қатыстыру мүмкіндігі қарастырылса», – деді Аслан Нұрланұлы.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері де осы тақырыпқа қатысты ой-пікірін білдірді. Алтынай Есқалиева мемлекеттік тапсырыстарды ұйымдастырып, өткізу барысында әрбір өңірдің ерекшеліктері мен қалыптасқан жағдайды бағамдап алу қажеттігіне тоқталды. «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тек қаржыны игеру үшін ұйымдастырылмау керек. Ең алдымен сол облыс, аудан, ауылдың ахуалын сараптай отырып, қажетті деген жобалар анықталуға тиіс. Кейде порталда аймаққа қатысы шамалы тапсырыстардың орналастырылатынын көріп, одан да бұл қаржы өңір үшін өзекті жобаларға жұмсалса ғой деп ойлайсың», – деді Алтынай Ғалымқызы. Ал Әлия Салиева мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруші облыстық ішкі саясат басқармасының мамандарына жүктеменің көптігін сөз етті. Ол салалық бағадарламалар бойынша мемлекеттік тапсырыс жұмыстарымен тиісті басқармалардың өздері айналысса деген ұсынысын жеткізді.
БҚО қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенділігі үшін алғысын білдірген министр қойылған сауалдарға жауап берді. Ол қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу үшін толыққанды сараптама жасалу қажеттігін айтты. Аида Ғалымқызы айтылған ұсыныс-пікірлерді нақтылап, алдағы уақытта өтетін Х Азаматтық форум жұмысына ұсынба жолдауға болатынын жеткізді.
