ҚР Парламентінің депутаттары Ләззат Рысбекова және Снежанна Имашеваның БҚО Қоғамдық кеңесі мүшелерімен кездесуінде елдегі конституциялық реформа туралы бастамалар жан-жақты талқыланды. Іс-шараға қатысушылар саяси өзгерістерден өзге өзекті мәселелерді де ортаға салды. Айталық, БҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі Айнұр Арыстанова мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың жанайқайын жеткізді. Осы санаттағы және көпбалалы отбасылармен тұрақты жұмыстанатын қоғамдық бірлестіктің төрайымын мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың көп жағдайда мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алу мүмкіндігінен айырылып отырғаны алаңдатады.
«Осы санаттағы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 50 мыңның ар жақ, бер жағы. Әлеуметтік көмектің есебінен зейнетақы жарнасы да ұсталмайды. Әрине, өзі болар-болмас ақшаны ұстап қалғанын қаламаймын, дегенмен зейнетақы жарнасы тұрақты аударылмауына байланысты олар көптеген бағдарламалардан қағылып отыр. Ал мүгедек баласын бағып отырғандың он жерден ниеті болса да тұрақты жұмыс істейтін мүмкіндігі жоқ. Осы жағын билік ескерсе екен», – деді Айнұр Серікқызы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл мәселе оларға жақсы таныс. «Мәжіліс депутаттары кембағал жандар мен оларды күтіп отырған тұлғаларды әлеуметтік қолдау жұмыстарын жандандыруға ниетті. Өткен жылдың қазан айында тиісті заңнамаларға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде әлеуметтік қолдау шаралары күшейгенін білесіз. Сіз көтеріп отырған мәселе төңірегінде де төменгі палата қабырғасында талқылаулар ұйымдастырылып, оларды баспанамен қамту тетіктері қарастырылып жатыр», – деді Снежанна Валерьевна.