Төралқа отырысында талқыға түскен тағы бір мəселе – денсаулық сақтау объектілерін, соның ішінде емханаларды сенімгерлік басқаруға беру туралы. БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтың айтуынша №4 қалалық емхананың аталған басқару əдісіне көшкеніне 3 жылдан асты. Инвестор келісімшарт аясында өзіне жүктелген міндеттерді орындап, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салып келеді. Қоғамдық кеңес мүшелері уақытша сенімгерлік басқаруға берілген ұйымның келісімшартта көзделген жөндеу жұмыстарын атқаруы мен жабдықталуынан бұрын медициналық көрсеткіштеріне назар аударды. Бəсекелестік орта болған жерде сан да, сапа да артатыны анық. Сондықтан билік пен бизнестің үйлесімді əрекеті уақыт талабына сай нəтиже көрсеткені қажет. Дегенмен, төралқа мүшелері арасында кейбір салаларда сенімгерлік басқару əдісінің өзін-өзі ақтамағанын айтып, алаңдаушылық танытқандар да болды. Ал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың бой көтергенін бұл бағыттағы оң өзгеріс деп қабылдауға болады. Қорыта келгенде, жиналғандар мұндай мəселені мұқият зерттеп, инвесторлардың жауапкершілігін арттыру жолдарын қарастыруға келісті. Қажетіне қарай жан-жақты пысықтау мақсатында келісімшарт жобасын қоғамдық кеңестің отырысында талқылауды ұсынды.
