БҚО қоғамдық кеңесінің төралқа отырысында өңірде тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау мəселесі талқыға салынды. Zoom платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылған отырысқа Ербол Ғұмарұлы төрағалық етті. Аталған мəселе бойынша хабарлама жасаған облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиевтың айтуынша аймақта тұрғын үй сертификатының мөлшерін 1,5 млн. теңгеге өзгерту ұсынылып отыр. Сондай-ақ, оларды алушы санаттардың тізбесін гидротехника саласындағы сұранысқа ие мамандармен толықтыру көзделген. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Ғұмарұлы мен өзге де төралқа мүшелері тарапынан былтырғы көрсеткіштің көңіл көншітпейтіні, мемлекет тарапынан жасалған жеңілдікті алуға мүмкіндігі бар азаматтар арасында түсіндірме жұмыстарын жетілдіру қажеттігі туралы айтылды. Хабарламашы өткен жылы өңір бойынша тек 25 адамның сертификат иеленуін былтырғы қаржыландыру көлемі мен тұрғындардың сертификатты бір ғана «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы алу мүмкіндігімен байланыстырды. Ал биыл тұрғын үй сертификатын алу мүмкіндігі кеңейтілгенін айтып, соған сай көрсеткіш те жоғары болатынына сендірді. Ұсынылған жаңа жоба төралқа мүшелері тарапынан қолдау тапты.

