Облыстық бюджеттің 2021 жылдың шілде айына нақтылану жобасы талқыланған облыстық қоғамдық кеңестің отырысында Əлихан Досмұхамбетов осылай деді. Оның айтуынша жауапты тұлғалардың қазына қаржысын жұмсау жөніндегі ақпараты есеп-қисапқа жақын адамдар ғана емес, қоғамның кез келген өкілі оңай түсіне алатындай болуы керек. Мəселен, көзделген шығыстарда көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 1 млн 735 мың теңге қарастырылғанын айтқан Əлихан Декартұлы мұндай сома бір-екі баланың ғана оқу ақысын өтеуге жеткілікті екенін жеткізді. «Əлеуметтік əлжуаз отбасы балаларын оқытып жатырмыз деп ауыз толтырып айтамыз. Сондағы бюджеттен бөлгеніміз осы ма? Бұл – көз алдау емес пе?», – деп ашынды қоғамдық кеңестің мүшесі. Артынша бұл оқу ақысының өсіміне байланысты айырманы өтеу мақсатында қарастырылған қаржы екені анықталды. Дегенмен Əлихан Досмұхамбетовтың қарапайым сауалына жауап қайтару үшін жауапты сала мен жобаны ұсынған басқарма өкілдері біраз уақыт қажет еткенін айтпай кетуге болмас. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Ғұмарұлы облыстық экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюповқа əріптесінің сауалы орынды екенін, мұндай түсініспеушілік болмас үшін алдағы уақытта «түсіндірменің» өзін түсінікті, тиянақты əзірлеу керектігін қаперледі.
