Кеше теледидар арқылы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезін көрдім. Өзім бұл ұйымның қатарында болмасам да ел азаматы ретінде Президенттің, Партия төрағасы жəне делегаттардың сөзі қызығушылық тудырды.
Бір жағынан, осы жылдар ішінде бұл партияға лайықты бəсекелес болатын бірлестіктің қалыптаспағаны көңілге кірбің ұялатады. Бар болған күннің өзінде де көбінің аты бар да заты жоқ сияқты. Əзірге «Nur Otan» өз биігінен түскен жоқ. Биыл ашықтықты арттыратын батыл бастамалар көтерілгенін көріп отырмыз. Нәтижесінде, кандидаттар арасында елге сүйкімі бар, беделді, лайықты тұлғалар көбейді. Өкінішке қарай, көлденең көк аттыларды да көзіміз шалды.
Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, елімізде əлеуметтік қолдау шаралары күшейеді. Партияның «Өзгерістер жолы: əр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы мен Президент осыған дейін айтып жүрген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да билік пен қоғам арасын одан əрі жақындатады деп сенемін.
Қазір кейбір елдер көтерілістерден көз ашпай жатыр. Бітпейтін бүлік, мазасыз митинг, тіпті қарулы қақтығыстар болып, қаншама адам өмірімен қош айтысып жатыр. Мен мұндай хаосқа түбегейлі қарсымын. Әрине, ел болғасын кемшілік болады, бірақ бəрі де реттеледі. Бастысы, біздің, жас мемлекеттің, өз жолы бар. Ел басқарған азаматтардың нақты іс-қимыл жоспары бар. Барлығы ел мүддесі, халық игілігі үшін. Осыны əрқайсымыз түсінейік. Бос сын айтпай, көңіліміз толмаған тұсы болса, шешу жолдарын ұсынайық. Бесжылдық бағдарламаның баянды, пайдалы, нəтижелі болуы бəрімізге де байланысты.
Алтынай Есқалиева,
облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі