Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX құрылтайына қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарына тоқталды. Аталмыш партияның елдегі ең ірі бірлестік екенін ескерсек, көпшілікпен кеңесе отырып дайындалған құжаттың да мемлекетімізді одан әрі дамытып, гүлдендіру жолында маңызы зор.
Бірнеше жылдан бері кембағал жандардың мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестіктің төрағасы ретінде мені мемлекет басшысының «əр азаматқа тең мүмкіндік беру» туралы осыдан бұрын айтылып жүрген бастаманы қанаттандыра түскені қуантты. Соның ішінде кембағал жандарды қолдау шаралары күшейеді. Мəселен, тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекші қызметін пайдаланбайтын бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығына қосымша әлеуметтік қолдау көрсетілетіні айтылды.
«Алдағы бес жыл ішінде біз ерекше күтімді қажет ететін адамдарды арнаулы техникалық құралдармен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, оларға толықтай оңалту-сауықтыру қызметтері ұсынылады», деген Президент осы санаттағы азаматтарға алдағы уақытта да ерекше қамқорлық көрсетілетініне сендірді.
Мемлекет басшысы осы орайда әр адамға табыс табу мүмкіндігін беру туралы да орынды айтып отыр. 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткішін 30 пайызға жеткізу жоспарланған.
Осындай жандардың кәсіби қызметпен айналысуымен бірге, білім алуына да бар жағдай жасалмақ. Президент таныстырған стратегиялық құжатқа сəйкес, алдағы бес жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады. Мектепке дейінгі барлық мекеме мен мектептерде де бұл көрсеткішті кезең-кезеңмен 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Қорыта келгенде, құрылтайда қабылданған бағдарламада барлық сала, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі ескеріліп отыр. Енді іркіліссіз іске асып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жан-жақты жағдайды жасауды көздейтін жоспардың жүйелі жалғасқанын қалаймыз.
Жұмажан Қожжанов,
«БҚО мүгедектерінің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.