Жуырда «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткізілген іс-шарада облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «БҚО мүгедектерінің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов осылай деді. Ол мемлекеттік әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын жетілдіру және мүмкіндігі шектеулі адамдардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелерін көтерді. Ұйым төрағасының айтуынша, кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар нақты істер қолға алынған, алайда əлі де болса ақсап жатқан тұстар аз емес. Мүгедек жандар үшін қаладағы кейбір мекемелерде пандустардың жоқтығы немесе талапқа сай болмауы салдарынан кіріп-шығудың өзі мұңға айналған.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі мүмкіндігі шектеулі топтар үшін ғимараттардың, құрылыс нысандарының, қоғамдық көліктердің, байланыс және ақпараттандыру құралдарының қолжетімділігі талаптарын орындау және инклюзивті білім беруді дамыту үшін барынша жағдай жасау мәселелерін жетекші партия жіті қадағаласа деген тілегін жеткізді.
Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау шараларын қоғамдық-партиялық бақылау айлығының қорытындысын баяндап, бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар бəсеңдемейтінін жеткізді.