ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймыз!
Ел бірлігі — ең асыл қасиет. Жылдар жүзінде ортақ шаңырағымыздың астында орныққан ынтымақ-бірліктің бағасы өлшеусіз. Халқымыз «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі мықты ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деп, татулықтың қадірін сөзбен де, іспен де ұрпақтан-ұрпаққа ұғындырып келеді. Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлының сөзімен айтсақ «Адамзаттың бəрін сүй бауырым деп».
Біз, қазақстандықтар, бейбіт күннің бағасын білетін халықпыз. Ортақ Отанымызды өркендету, тəуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында түрлі этнос өкілдері де барлық күш-жігерін жұмылдырып келеді. Ал төрткүл дүние «түтіндеп» тұрған қазіргі кезеңде біздің бірлігіміз бұрынғыдан бетер маңызды. Өзге елдер қызыға да, қызғана да қарайтын ұлтаралық достыққа дақ түспесін, бекем бірлігіміз баянды болғай!
ҚАДІРЛІ БАТЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
Баршаңыздың шаңырағыңызға шаттық, бақ-береке тілейміз! Лайым, достық туын биік ұстап, ауызбіршілігімізді арттыра берейік! Бүгін қасиетті Рамазан айы да аяқталады. Ораза ұстаған ағайынға тілеген дұғалары мен жасаған ғибадат амалдары қабыл болғай дейміз. Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Батыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесі