Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында БҚО-да Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы таныстырылды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин баяндама жасады. Баяндамаға сүйенсек, жүйелі алдын алу жұмысының, қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің нәтижесінде елімізде тіркелген сыбайлас жемқорлық деректерінің саны 29 пайызға азайған.
Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынылған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы азаматтарды толғандырған түйткілді мәселелерге негізделе отырып дайындалған. Баяндамашының сөзінше аталған картаға қажеттілігіне қарай толықтырулар енгізілуі мүмкін. Ал әзірге аймақта Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына проблемалық салалар ретінде экология, жер, ауыл шаруашылығы, жол және инфрақұрылым салалары енгізілгенін айтқан Біржан Марданұлы не үшін бұл бағыттардың таңдалғанын түсіндіріп берді.
— Өңір үшін экология мәселесі өзекті. Аймақтағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының бар-жоғы 1,36 пайызы санитаралық талаптарға сай. Бұл – облыстағы 147 полигонның екеуінде ғана рұқсат құжаттары бар деген сөз. Жер мәселесіне қатысты да дау көп. Ірі шаруа қожалықтары 1 млн гектардан астам жерді өз мақсатына пайдаланбай отыр. Өндіріске жақын жерлерде көпқабатты тұрғын үй салу үшін жерлердің берілуі де қоғамның наразылығын тудырып отыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпейді. Мал тұқымын асылдандыру үшін мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, ел қазынасы есебінен сатып алынған асыл тұқымды ірі қаралардың сақталуы мен пайдасын ешкім бақылауға алып жатқан жоқ, — деген Біржан Марданұлы жергілікті жолдардың жай-күйі, ауылдық елдімекендердің орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі, кәріз желілеріндегі апаттар мен интернет сапасы туралы да сөз етті.
Отырысқа қатысушылар ұсынылған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына қолдау білдірді. Айталық, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Хайдар Қапанов аталған картаның сауатты дайындалғанына тоқталды.
— БҚО Қоғамдық кеңесінің мүмкіндігі мол. Біздің аудандарда да өкілдеріміз бар. Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде де, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы комияссия мүшесі ретінде де бұл жұмыстарға белсене араласуға дайынмын. Мүмкін, біз бар, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлесітігінің жергілікті филиалы бар, департаментпен бірлескен меморандум жасасқан дұрыс шығар. Қалай болғанда да бұл бастаманы қолдап, жан-жақты дамытуымыз керек, — деді Хайдар Хисметұлы.
БҚО Қоғамдық кеңесі жанындағы құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның төрайымы Жансұлу Төремұратова жер, су ресурстарына қатысты түйткілді тұстарды жіпке тізді.
— Өңірдегі өзекті мәселелерге ден қою, оң шешімін табу үшін жұмыстану — облыстық Қоғамдық кеңестегі әрқайсымыздың міндетіміз. Бұл бағыттағы комиссия төрайымы ретінде департаментпен бірлесе отырып атқарылатын іс-шаралардың аз еместігін зор жауапкершілікпен сезінемін. Біз қоғамда резонанс тудырған мәселелерге бейжай қарамауымыз қажет. Түптеп келгенде, бұл – біздің, елдің абыройы. Мысалы, Шаған су қорғау аймағында жер учаскелерінің заңсыз берілгені, кәсіпкердің нысаналы мақсатын мың құбылтқаны туралы тұрғындар тарапынан айтылатын арыз-шағым толастар емес. Күні кеше өңірге табан тіреген республикалық экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева да бір топ экспертпен бірге бұл мәселеге назар аударды. Экологтар да дабыл қағып жатыр. Бұл бағытта да нәтижелі жұмыстанамыз деп сенемін. Бастысы, халық пен билік арасында дәнекер бола жүріп, бәріміз қай істе де заңның үстемдігін орнатуға мүдделі болуымыз қажет, — деді Жансұлу Менешқызы.
Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Ғанмирлан Тұрғаналиев Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына жер саласының проблемалық сұрақтары енгізілгенін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша күрмеуі қиын күрделі мәселеде Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізбей болмайды. Ауыл маңындағы жекенің қолына өткен егістік алқаптардың нысаналы мақсатын өзгерту арқылы жайылымдық жерден тарығып отырған тұрғындардың талабын қанағаттандыруды кешеуілдетпеу қажет. Ал облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Ұзақбай Ғабдулин өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын заңдастыру жұмыстарын жеделдету мәселесін алға тартты.
— Мысалы, Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылында полигонның жер актісі бар. Алайда құжаттары толық рәсімделмеген. Оған төгілетін көң-қоқысты сұрыптап жатқан ешкім жоқ. Әкімдікке жеке кәсіпкерлердің бірін жауапты етіп, полигонды ретке келтіру туралы ұсыныс жолдадық. Сол арқылы қалдықтарды сұрыптауды жолға қою, иесі болғасын жерде тұрғындардың да жауапкершілігі күшейер деген ой ғой біздікі. Нәтиже жоқ. Уәкілетті органдар ауылға барып, полигонды көрсін. Нақты не істеу керек, ортақ алгоритмін айтсын. Бұлай жалғаса бермейді ғой, — деді Ұзақбай Калилұлы.
Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Алтынай Искалиева картаның жасақталғаны дұрыс деп санайды. Дегенмен, сөз бен істің арасында алшақтықты азайту әрі қоғаммен арадағы ашықтықты арттыру үшін түрлі комиссиялардың құрамына қарапайым азаматтарды көбірек тартудың маңыздылығын еске салды.
Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Ахметжан «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірдегі өкілі ретінде Антикормен бірлесе жұмыстанып жүргенін жеткізді. Жұртшылықты жемқорлықпен күрестен бұрын, әлеуметтік мәселелер тақырыбы алаңдататынын айтқан ол өңірде кездесіп жүрген олқылықтарға тоқталды.
— Тұрғындар ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешіп бергенді қалайды. Бұл дұрыс та. Халықпен кездесулерде көп мәселе айтылады. Мысалы, аялдамалардың аздығы, спорт алаңдарының жетіспеушілігі, интернет сапасы, тағы сол сияқы түйткілдер, ауылдардағы жолдың жайы айтпаса да түсінікті. Көп жағдайда біз үшін жергілікті атқарушы органдардың жоспары «жұмбақ» күйінде қалады. Мысалы, «бізге осынша аялдама қажет, осындай мерзімде шешеміз» деп, нақты мақсат-міндетін айта алмайды. Содан кейін тұрғындардың да үмітінен күдігі басым. Аудандардағы жер комиссиясы құрамына қатысты да жергілікті халық жиі шағымданады. Құрамында тәуелсіз азаматтардың аздығын айтып, әділ шешім боларына күмәнмен қарайды, — деген Бауыржан Закиұлы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін мемлекеттік органдардың өздерінен ұсыныстар болуы қажеттігін, сол арқылы бірқатар нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу керектігіне тоқталды. Ол жемқорлықпен күресте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында миллиондаған теңге қаржы алып отырған қоғамдық бірлестіктердің шынайы белсенділігін аңғармай отырғанын атап өтті.
— Қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік шарттарында жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, оның алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру туралы айтылған. Алайда, басым бөлігі дөңгелек үстелмен немесе бір-екі жиынға қатысумен шектеледі. Белсенділік байқалмайды. Олардың жұмысын да бір шолып шыққан артық етпес, қыруар қаржы жұмсалады, нәтиже көңіл көншітпейді, — деді облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені қорытындылаған облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов айтылған ұсыныс-пікірлердің орынды екеніне тоқталды.
— Кейбір нормативтік актілерге өзгерістер енгізу туралы көптен айтып-ақ жүрміз. Ұсыныс ең әуелі мемлекеттік органның өздерінен болуы керек, әрине. Көптің аузында жүрген Шаған жағасындағы құрылыстың жыры да бітер емес. Біраз ұйым-мекеме түйткілді тарқатуға тырысқан, дегенмен нүктесі қойылатын түрі жоқ. Естеріңізде болса, он жылдан астам уақыт бұрын қаланың шеті, Самал жақ беті, бау-бақша серіктестіктері суға кеткенде, Шаған жағасындағы заңсыз құрылыстардың судың табиғи жолын тарылтып, бітеп тастағаны апат себебі ретінде айтылды. Енді тағы сол мәселеге оралып отырмыз. Су қорғау аймағында кәсіпкерлер он жерден жақсы жоба жүзеге асырса да, біз бірінші кезекте халықтың қамын күйттеуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде тұрғындар талабы орынды деп ойлаймын. Осы және өзге де өзекті мәселелер бойынша күш біріктіріп, нәтижелі жұмыстанайық, — деді Ербол Ғұмарұлы.