Облыстық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында жергілікті мәслихаттың шешімімен бекітілген «Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау қағидасына өзгеріс енгізу туралы» мәселе қаралды. Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиевтың нақтылауынша, алдағы уақытта сертификат мөлшерін бастапқы жарнаның 90 пайызы көлемінде, бірақ 1,5 млн теңгеден аспайтын мөлшерге өзгерту көзделді. Алушының шотында ақша қаражаты болған кезде тұрғын үй сертификаты сомасының мөлшері бастапқы жарна сомасы мен жинақталған қаражат арасындағы айырма ретінде айқындалады. Миржан Жанғазыұлының айтуынша, маңызды жаңалық тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесіне қатысты болып отыр. Бұдан былай аталған тізбе жетім балалар, зейнеткерлер, І және ІІ топтағы мүгедектер санаттарымен толықтырылады.
Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері шешім жобасын қолдап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, бағдарламамен байланыстыра отырып, шынайы мұқтаж жандарға тұрғын үй салудың тетіктерін қарастыруды да ұсынды.
Айта кетейік, былтыр Орал қаласында 200 шақты отбасы тұрғын үй сертификаттарына ие болып, жалпы сомасы 190 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалған.