Бұл туралы БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов Астана қаласында өтіп жатқан Қоғамдық кеңестердің ІІІ республикалық Мəжілісінің пленарлық отырысында айтты. Үш жылда бір өтетін алқалы жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырəлі, ҚР Президенті Əкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Абзал Нүкенов, халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, барлық облыстың делегаттары қатысып жатыр.
БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы консультативтік-кеңесші, байқаушы құрылымның жанынан диалог алаңы ашылғанын, маңызды мәселелер ҮЕҰ, саяси партиялардың өкілдері жəне қоғам белсенділерінің қатысуымен талқыланатынын жеткізді.
— Биыл диалог алаңының бірінде «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланды. Референдумды қолдау жөнінде облыс тұрғындарына Үндеу жарияланды. Ойталқы барысында ұсынылған конституциялық реформалардың жекелеген тұстарына қарсылық танытқандар да болды. Біз үшін де қоғам өкілдерінің көзқарасы маңызды. Мақсат — пікірлер әралуандылығын, саяси плюрализмді жақтай отырып, ортақ мәмілеге келу. Бұл тұрғыда диалог алаңы тиімділігін танытып отыр, — деді Ербол Ғұмарұлы.