Сіздерді еліміздегі ең ұлық мереке — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында «Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деп, мерекенің маңызы мен салмағын ерекше атап өтті.
Азаттық жолына ақыл-білімін арнаған, күш-жігерін жұмсаған, тіпті жанын пида еткен батыр бабаларымыз бен тəуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары — желтоқсаншылардың ерлік істерін ешқашан ұмытуға болмайды. Осы тұрғыдан келгенде бұл мейрам қасиетті əрі қастерлі.
Егемендік жылдары еліміз еңсесін тіктеп, жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Өңірде де өркенді істер, оң өзгерістер аз емес. Бұл белестерде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бола білген бірлігі мықты елдің ортақ еңбегі бар. Алдағы уақытта да тəуелсіздік тұғырын бекітуге аянбай атсалысайық!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды мемлекеттік мерекемен құттықтай отырып, амандық пен бақ-береке тілейміз. Ел іргесі тыныш, бейбіт күніміз баянды болғай!
Құрметпен, Батыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі