Санаулы сағаттан соң барыс жылы бізбен қош айтысып, қоян жылы төрімізге енеді. Баршаңызды өзімнің жəне облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің атынан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!
Тарих қойнауына енетін жылдың еншісінде елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Биыл бүкілхалықтық дауыс беруге қатыстық. 27 жылдан соң өткізілген референдум ел пікірін ескерудің озық үлгісіндей болды. Ел Президентін сайлап, болашаққа батыл бетбұрыстар жасадық. Саяси жəне экономикалық оң өзгерістер көбейді.
Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің үшінші құрамы да биыл бірқатар бастама көтеріп, қоғам өкілдерімен жан-жақты байланыс орнатты. Облыстық қоғамдық кеңес жанындағы диалог алаңы жыл бойы түрлі түйткілді тақырыпты терең талқылап, өңірдегі өзекті мəселелердің себеп-салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды ортаға айналды.
Қадірлі жерлестер!
Жылдың басы ел-жұртымыз үшін оңай болмағаны белгілі. Тағдырдың тезіне түскен мазасыз мезгілде еңсемізді тіктеп, жұдырықтай жұмыла білдік. Мұндай жағдайларға жол бермес үшін «Əділетті Қазақстан» орнату ісінде əрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміз, елжандылығымыз бен ерік-жігеріміз, адал еңбегіміз ерекше маңызды. Бірлігіміз бекем болғай!
Баршаңызды жаңа жылмен құттықтай отырып, əр шаңыраққа шаттық, амандық тілейміз. Келер жыл жақсылығы мол, қуанышы көп, берекелі де мерекелі болғай!
Құрметпен, БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Ғұмарұлы Салықов.