Ашу
Басты бет Барлық жаңалықтар «Бюджет қаржысын бөлгенде мұқият болу керек»

«Бюджет қаржысын бөлгенде мұқият болу керек»

11.04.2023
52

Таяуда  облыстық  қоғамдық кеңестің кезекті  отырысы  өтті. Онда   облыстық  мәслихаттың  2022  жылғы 14 желтоқсандағы №16-1 «2023-2025 жылдарға  арналған облыстық бюджет  туралы»  шешіміне өзгерістер енгізу туралы  мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы, қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Есенғалиев  баяндама жасады. 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің нақтылануы Бюджет кодексінің 108-бабына сәйкес жергілікті атқарушы құрылымның ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады. «Бөлуге келесі түсімдер ұсынылады: өзіндік табыстардың түсімі – 11,8 млрд,  жыл басындағы бюджет қаражатының бос қалдықтарын бөлу – 8,6 млрд, аудандар мен Орал қаласы бюджеттерінен толық игерілмеген нысаналы трансферттер мен жалпы сипаттағы трансферттерді бюджетке қайтару – 5,9 млрд, Теректі ауданы мен Орал қаласының жергілікті атқарушы құрылымдарына облыстық бюджеттен берілген бюджеттік кредиттерді өтеу  10,8 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар жергiлiктi атқарушы құрылымдардың мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру аясында тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға iшкi нарықта айналымға жiберу үшiн шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздары шығарылымынан түсетін түсімдердің азаюы есебінен – 8,5 млн, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатын 10,2 млрд теңге шамасында босату жоспарланып отыр. Бөлуге  38,8 млрд теңге ұсынылып отыр», –  деді Нұрлан Мұхитұлы.

 Бөлуге ұсынылған қаржы-қаражат бірқатар шығыстарға бағытталмақ. Әлеуметтік салаға 9,9 млрд, оның ішінде білім беру саласына – 5,8 млрд, денсаулық сақтауға – 3,1 млрд,  әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз етуге – 186,1 млн, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік салаларына 781,3 млн теңге бөлу жоспарланған. Шығыстардың негізгі бөлігі 1-4-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, жалпыға бірдей оқу қорының шығыстары – 1,4 млрд, ауылдық 63 мектепті модернизациялауға (пәндік кабинеттер мен жиһаздарды сатып алуға) – 1,1 млрд, білім беру нысандарының (221 білім ошағына 3133 бейнекамера алуға) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге – 512 млн, санитарлық аутокөліктер сатып алуға – 1,7 млрд (барлығы 80 дана, Оралдағы емдеу мекемелеріне 30 және аудандарға 50 аутокөлік), медициналық құрылғыларды сатып алуға 948,2 млн теңге бөлу көзделген. Одан басқа  11 білім беру, бір мәдениет және бір арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы нысандарының (Ақжайық, Теректі, Жаңақала, Бөкей ордасы, Казталов, Тасқала, Сырым, Бәйтерек аудандарындағы және Орал қаласындағы) күрделі жөндеуін аяқтауға, Қаратөбе ауданының Шалғын ауылындағы мектептің құрылысын және Ақжайық ауданы Бударин ауылындағы мәдениет үйі ғимаратын қайта жаңартуды аяқтауға – 1,8 млрд, 17 денсаулық сақтау және 2 білім беру нысанының құрылысына жобалық құжаттама жасақтауға  (Ақжайық, Бөрлі, Шыңғырлау, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе, Казталов аудандары мен Орал қаласы)  541 млн теңге бағытталады.

Қоршаған ортаны қорғауға 1,7 млрд теңге бағытталды. Мұның ішінде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға – 385 млн, Бөрлі ауданының Жарсуат ауылындағы және Ақжайық ауданының Чапаев ауылындағы өзен жағалауларын бекіту құрылысын аяқтауға  – 284 млн, Ақжайық ауданының Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесін қайта жаңартуды аяқтауға –  234 млн теңге,  жерасты суын барлау жұмыстарына 100 млн теңге қарастырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа шамамен 3,1 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Оның ішінде жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер жүргізуге – 288,3 млн, Теректі ауданындағы үш көппәтерлі  және Ақжайық, Шыңғырлау аудандарындағы екі көппәтерлі тұрғын үй құрылысын жалғастыруға  600,4 млн теңге бөлу жоспарланған. Теректі және Бөрлі аудандарындағы, Орал қаласындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді абаттандыруды аяқтауға – 221,9 млн,   «Жайықжылуқуат» АҚ-ның Орал жылу қуат орталығындағы  айналымды сумен жабдықтауды, градирняны ауыстыру бөлі-гінде қайта жаңартуды аяқтауға – 757 млн,  Бөрлі ауданының Кеңтүбек және Успен ауылдарында электр желілерін қайта жаңғыртуға – 642 млн, Орал қаласында көшелік модульдік қоғамдық дәретхананы орнатуға 112 млн теңге бөлу қарастырылуда. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 1,3 млрд теңге бағытталмақ. Мемлекеттік құрылымдар  мен полиция департаментін материалдық-техникалық жабдықтауға  3,1  млрд теңге жұмсау көзделуде. Бұған қоса жергілікті атқару құрылымдарының борышын өтеу және қызмет көрсетуге – 11 млрд,  2022 жылы толық пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді республикалық бюджетке қайтаруға 8,6 млрд теңге қарастырылып  отыр.

– Кірістер мен шығыстарды ескерсек, облыстық бюджет 396,8 млрд теңгені құрады. Бұл мәселе қоғамдық кеңес жанындағы бюджет мәселелері бойынша комиссия отырысында қаралды,  – деп қорытты сөзін Н. Есенғалиев.

Бұдан кейін сөз алған қоғамдық кеңес мүшесі Айгүл Есекенова да бюджетті нақтылаудың тиісті комиссия отырысында қаралып, ұсыныстар ескерілгенін, өткен жылдың қорытындылары бойынша бюджетке өзгерістер енгізіліп, нақтылануға ұсынылғанын айтты.

– Медицина жетім кемпірдің кебін киіп отыр. Медаппаратуралардың 50%-ы тозған. Биыл санитарлық көліктер алынады деп жатыр, жақсы екен.  Бөлінген 900 млн теңге екі үлкен жабдық алуға жетеді.  Кардиодиспансер салынады дегенге 5-6 жылдың жүзі болды. Ол қашан салынады? Қазіргі орталық қаланың сыртында орналасқан. Жүрегі ауырған науқас оған жетем дегенше өліп кетуі мүмкін. Жол жаман, саяжай бар. Сондықтан халықтың сұранысына қарай қаланың ортасынан диспансер ашылса дейміз,  – деді қоғамдық кеңестің  мүшесі Мақсот Берген.

М. Бергеннің сұрағына облыстық қаржы басқармасының басшысы Н. Есенғалиев бюджеттің мүмкіндігіне қарай денсаулық сақтау саласына тиісті қаржы бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова жаңа кардиологиялық орталық салынбайтынын, қазіргі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, қасына қосымша жаңа бір корпус салынатынын айтты. Биыл нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталады. «948 млн теңгеге кардиологиялық орталықтағы ангиографқа түтік, онко диспансердегі компьютерлік  томография, рентген аппарат жабдығына материалдар сатып алынады. Ангиограф орталыққа инфарктпен ауырып келген кісіге зерттеу жүргізуге қажет. Биыл республикалық бюджеттен және «ҚПО б.в.» компаниясының есебінен қаржы беріледі»,  – деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаевадан Тараз қаласындағы жантүршігерлік оқиғадан кейін типтік мектептердің сырттағы әжетханасын ішке  көшіру туралы тапсырма болғанын, соның орындалу жайын сұрады. Аудандарды аралау барысында халық тарапынан осы мәселе көтерілген. «Тапсырма орындалды. Бірақ су мәселесі шешілмеген. Барлық жерде су тұрақты берілмейді. Бөлінген қаражат игерілді», –  деп жауап берді Айгүл Мыңбаева. Қоғамдық кеңес төрағасы білім басқармасы басшысынан су түйткілі шешілмей тұрған мектептердің, аудандардың тізімін дайындап беруді сұрады. «Мектептерде әжетхана ішке көшірілер, септик

қазылар, бірақ оның тереңдігі әрі кеткенде 3-4 метр болады. Олар толғаннан кейін сарқынды суды қайда жібереді? Осы мәселені де ойластыру керек»,  – деді қоғамдық кеңес мүшесі  Бауыржан  Ғұбайдуллин.

– Бюджет қаржысының қалай, қанша бөлінгені жөнінде көрнекілік дайындалмаған. Өткен жылдармен салыстырғанда бюджет көлемі қаншалықты өсті? Бұрын бюджетке  әлеуметтік бағыт тән дейтінбіз, қазіргі ше? Бюджетті кімдер, қалай бөледі? Бюджет қаржысын талапқа сай емес, артығырақ бөледі. Мысалға, шаһарымыздағы көшеге 5 млн теңгеге асханаға арналғандай жаңа отырғыштар қойылды. Бір жерде 10 млн теңгеге екі аялдама орнатылды. Жаңалықта порталдан екі отбасыға 20 айға пәтер жалдауға пәленбай миллион жұмсалғанын оқыдым. Одан да ол екі шенеунікке екі пәтер сатып алып беріңіздер не олар несие алып, пәтерақыларын өздері төлесін. Бюджет қаржысын бөлуге мұқияттылық жетіспейді, –  деді қоғамдық кеңес мүшесі Алтынай  Исқалиева.

Сөйлеушілердің ескертпе сөздеріне орай Е. Салықов қоғамдық кеңес мүшелеріне қаралатын мәселелер құжаттарының оларға алдын ала жіберілетінін, сондықтан жиынға солармен танысып келу қажеттігін  ескертті.

Н. Есенғалиев бюджетті қарау барысында Президент тапсырмалары, Бюджет кодексі, Ұлттық жобада қарастырылған іс-шаралар, стратегиялық құжаттар, соның ішінде өңірді дамыту және кешенді дамыту жоспарлары мен оларға сәйкес бюджеттік тапсырыстар ескерілетінін баяндады. «Аудандардан, бағдарлама әкімшілерінен тапсырыстар көп түседі.

Шығыстардың барлығының түрлі министрліктермен бекітілген нормативтерге сәйкестігі тексеріледі. Барлық индикаторлар 5 жылдық мерзімге қарастырылады. Бюджеттік және салық кодекстері басшылыққа алынады. Біздің өңір бюджетінің 60%-ға жуығы әлеуметтік  салаға бағдарланған», – деді Н. Есенғалиев.

Жиында қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Ахметжан әріптестеріне күн тәртібіндегі мәселелерді қарау барысында алдын ала дайындалып әкелген материалдарды қараумен шектеліп, ешбір талдау жасамайтындарын сынады. «Қоғамдық кеңес мүшелері, барлығы 31 адам мәселені талдап, цифрларымен, статистикасымен әкелсек. Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде қажетті мәліметтерді сұратуға, барып алуға болады. Сонда ауылдарға, қалаға не керек екенін білер едік. Осы жағын ойласайық. Бізді халық сайламаса да, атымыз қоғамдық кеңес болғаннан кейін, халықпен байланыста болуымыз керек», – деп ұсынысын айтты Б. Ахметжан.

Кеңес отырысын қорытындылаған Е. Салықов комиссиялардың жұмысын жандандырып, бірлесіп  белсенді жұмыс істеу қажеттігін еске салды. «Өткенде жоспарланған 50 жоба аяқталмай қалды дедік. Қаржының игерілмеуі де – содан. Биыл мониторинг жүргіземіз деп жоспарға енгіздік. Енді комиссиялар, әрқайсысымыз белсенділік танытайық», – деп  қорытты  төраға.

27.09.24

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңестің отырысы оздырылды. Кеңес отырысын төраға Е.Салықов жүргізіп, жиынға  облыстық Қоғамдық кеңестің 21 мүшесі, БАҚ өкілдері,…
09.09.24

Қоғамдық кеңестің төралқа отырысы өтті

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес төралқа отырысын, кеңес төрағасы Ербол Салықов ашып, жүргізді. Жиынға төралқа мүшелері және атқарушы органдар басшылары…
03.09.24

Жолдауды қолдау – ел өркендеуінің негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Мемлекет басшысы…
29.08.24

Құрметті отандастар, барша халайық!

Сіздерді мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ата Заң — халқымыздың ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуын…
09.08.24

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы оздырылды. Кеңес отырысын төраға Ербол Салықов жүргізді. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, облыстық…
19.07.24

Елімізде АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы бірінші қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Болашақта әлі талай қоғамдық…
05.07.24

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді Ұлттық домбыра күні мерекесімен құттықтаймыз! Домбыра – қазақ халқының өте ертеден және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық, қасиетті…
05.07.24

Құрметті жерлестер!

Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Астана – тәуелсіз еліміздің жемісі, Қазақстанның зор қуаты мен бұла күші. Бұл – отандастарымыздың…
01.07.24

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жуырда Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы оздырылды. Кеңес отырысын төраға Е.Салықов жүргізді. Жиынға облыстық Қоғамдық кеңестің 22 мүшесі, облыстық…
28.06.24

Құрметті Бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның…
20.06.24

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ОЗДЫРЫЛДЫ

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы оздырылды. Кеңес отырысын төраға Е.Салықов жүргізді. Жиынға облыстық Қоғамдық кеңестің 24 мүшесі, облыстық басқарма…
30.05.24

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңестің отырысы оздырылды. Кеңес отырысын төраға Е.Салықов жүргізіп, жиынға облыстық Қоғамдық кеңестің 22 мүшесі, БАҚ өкілдері,…
09.05.24

Құрметті батыс қазақстандықтар!

Сіздерді адамзат тарихында ұмытылмас із қалдырған Ұлы Отан соғысының аяқталған күні – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл күн…
07.05.24

Құрметті батысқазақстандықтар!

Отан қорғаушы күні құтты болсын! Қазақ елінің шекарасы берік, іргесі нық, келешегі кемел болғай! Халқымыздың бақ-дәулеті арта бергей! Еліміз амандық,…
01.05.24

Ардақты ағайын, қадірлі жерлестер!

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймыз! Бұл — ұйымшылдыққа ұйысқан ұлттың, бір шаңырақ астында татулықты ту еткен этнос өкілдерінің береке-бірлігін…
29.04.24

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жуырда Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Төраға Е.Салықов жүргізген жиынға 24 облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі мен облыс әкімінің…
07.04.24

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отырған қазіргі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты…
Директорға сұрақ қойыңыз
* - Талап етілетін өрістер
[contact-form-7 id="2093" title="Contact form 1 - Kz"]