Сіздерді 14 наурыз Көрісу күні — Амал мерекесімен құттықтаймыз!
Көрісу – бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын, бүгінде еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған, халықтың Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталатын, ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін дәстүрлі мерекесі!
Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады.
Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, көктемге аяқ басып, бір-бірімен қол алысып, төс қағысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті тағамдарын қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көріседі. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» – дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, туған-туыс, ағайындарымен көрісіп шығады.
Бұл күн қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілеп, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін, ал үлкендер кішілерге тілек, бата беретін ерекше мереке.
Көрісу мерекесінде еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін, әр отбасы жақсылыққа, қуанышқа кенелсін! Жыл жемісті болсын!