БҚО Қоғамдық кеңесінің төралқа отырысында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев мемлекеттік мекеменің қайта нақтыланған ережесін бекіту туралы хабарлама жасады. Кейін төралқа мүшелері құрылыс саласында қордаланған мәселелерді жіпке тізді. Мысалы, Бақытжан Нұрбаевтың айтуынша, ол қалалық жер комиссиясының құрамында қарама-қайшылыққа толы жайттарға жиі ұшырасады. «Бір кәсіпкер 2 сотық жерге 4 қабатты көппәтерлі үй саламын дейді. Біз, жер комиссиясының мүшелері, мұндай жағдайда жер учаскесі кемінде 10 сотық болуы керек деген ортақ келісімге келдік. Сөйтіп, кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылмады. Алайда ол сотқа жүгініп, біздің шешім заңсыз деп танылды. Жалпы, кейінгі кездері жөн-жосықсыз салынған құрылыс нысандары қаптап кетті. Кейбір көппәтерлі үйлер, таунхаустардың айналасында не автотұрақ, не балалар алаңы жоқ. Бұл масқара емес пе?! Біздің ұсыным бойынша құрылыс аумағының 60 пайызы балалар алаңы, автотұрақпен қамтылып, абаттандырылуы тиіс. Жергілікті атқарушы құрылым сәулет-жоспарлау тапсырмасын берумен ғана шектеледі, ал ондағы талаптарға бизнес иелерінің басым бөлігі бас қатырмайды», — деп ашынды Бақытжан Амангелдіұлы. Ол сондай-ақ өңірдегі ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтуге ерекше назар аударылса деген ұсынысын жеткізді.
БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов та аталған мәселенің өзекті екеніне тоқталды. «Расында да облыс орталығында құрылысы алдын ала жан-жақты ойластырылмаған нысандар аз емес. Мысалы, бір кәсіпкер көпқабатты үй салады да, оны сатып жібереді. Ал ол жердегі су қысымы, кәріз, жылу жүйелерінің жүктемесіне зер салып жатқан ешкім жоқ. Салдарынан бірер жылдан соң жаңа қоныс иелері бітпейтін мәселелермен бетпе-бет келеді», — деді Ербол Ғұмарұлы. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасының сөзінше кейбір көпқабатты ғимараттардың айналасынан орын ауыспағасын, тұрғындардың автокөлігі негізгі жолдың бойында тізіліп тұрады. Қыстың боранды күндерінде жол тазалаушы техникаға кедергі келтіріп, бір мәселеден бір мәселе туындайды. «Талапты күшейтпесе, бәрі бекер. Менің ойымша, ең алдымен, қаланың бас сәулетшісі салғырттық танытпауы тиіс», — деді Ербол Ғұмарұлы.
Облыстық мәслихат хатшысы, төралқа мүшесі Бибігүл Қонысбаева бұл мәселеде атқарушы биліктің өкілеті шектелген деп санайды. «2014 жылы елімізде бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заң қабылданған еді. Ол бойынша жергілікті атқарушы құрылым жекеменшік аумақтағы құрылыс барысына араласуға құқығы жоқ. Бірақ, жағдайдың қай бағытқа өзгеріп бара жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, біздің ойымызша, түпкі тұтынушы – қарапайым халық болатын болса, құрылыс жекеменшік аумақта жүргізілетініне қарамастан кәсіпкер жергілікті атқарушы орган арқылы рұқсат алуға міндетті. Түптеп келгенде қызмет алушы қарапайым азаматтардың құқығын қорғау үшін мұндай жағдайда мораторий қарастырылмағаны дұрыс», — деді Бибігүл Тишанқызы.
Жуырда ғана БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып тағайындалған Мәди Отарбаев көтерілген мәселелердің барлығы орынды екенін айтып, олқылықтарды жою жолында жұмыстанатын жеткізді. Дегенмен, бұл мәселені біржақты ету үшін заңнамалық актілерге де өзгерістер енгізбей болмайды. БҚО Қоғамдық кеңесі орталық атқарушы құрылымдарға нақты ұсынымдарын жолдамақ. Ал әзірге сәулет талаптарына сай келмейтін құрылыстардан құтылуымыз неғайбыл. Өйткені, жүгенсіз кеткен кәсіпкерлер үшін қағида біреу, ол — «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса»…