Жиынға облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов төрағалық етті. Алдымен облыстық мәслихат аппаратының басшысы Әділ Жоламанов мекеменің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде хабарлама жасады. Оның айтуынша осыған дейін қызметке орналасқан мемлекеттік қызметшіні бағалау 3 айдан соң жүзеге асса, жаңа өзгерістерге сәйкес 1 айдан кейін бағалау жүргізіледі.
— «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау 2 әдіс бойынша жүзеге асады. Мәселен, саралау әдісіне тоқталсақ, бұл бойынша қызметкердің функционалдық міндетін атқару сапасы мен орындау мерзімін сақтауы, бастамашылдығы, дербестігі, еңбек тәртібін сақтауы, атқарған жұмысының көлемі мен күрделілігі назарға алынады. Қызметкердің бағалау көрсеткіші жұмыс ортасында, адамдар тобынан сұрау арқылы анықталады, — деді Әділ Тауфикұлы. Ол бұдан басқа да өзгерістер туралы тарқатып түсіндірді.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қызметкерді бағалау үшін сауалнамаға қатысатын ұжым мүшелерінің аты-жөні құпия сақталмайтындықтан, аталған әдістің шынайылығына күмәнмен қарады. Дей тұра, практика барысында кем-кетіктер жойылып, бағалау үдерісінің әділдігі арта түсеріне сенім білдірді. Қызметкерлерді ынталандыру, жігерлендіру және лайықты көтермелеу үшін мұндай әдістердің қажеттігін қуаттады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша — биыл субсидияланатын пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) тізбесі және пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) 1 литріне (кг., гр., дана) арналған субсидиялар нормаларын, сондай-ақ пестицидтерге, биоагенттерге (энтомофагтарға) арналған субсидиялар көлемін бекіту туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшинның хабарламасы тыңдалды. Айта кетейік, демеуқаржының бұл түрі жыл сайын төленеді.
— Шаруа қожалықтарының егін немесе өсімдік шаруашылығына алған пестицидтер құнының 50 пайызын мемлекет өтейді. Өңірде өсімдік шаруашылығымен айналысатын 400-ге жуық қожалық болғанымен, көп жағдайда ірілері ғана осындай мүмкіндіктерді пайдаланып жатады. Былтыр бұл мақсатта 143 млн теңге бөлінсе, биыл да сол мөлшерден кем емес қаржы қарастырылған, — деді Наурызбай Қадырбайұлы.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Алтынай Исқалиева шаруаларға берілетін демеуқаржының мақсатты жұмсалуы қалай қадағалатынын сұрады. Наурызбай Қарағойшин нақ осы жағдайда шаруаларды қадағалаудың қажеті жоқтығын, өйткені пестицидтер алу арқылы өнім сапасы мен көлемін арттыруға бірінші кезекте шаруаның өзі мүдделі екенін жеткізді.
— Шаруалар сатып алған пестицидтерді өзі үшін қолданады. Сондықтан, бұл жерде бөтен ой, басқа мүдде жоқ. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында субсидияны тоқтату керек дегенді шаруалардың өздері айтып жүр. Олар демеуқаржыдан гөрі жеңілдетілген несие берілгенін қалап отыр, — деп жауап қатты сала басшысы.
Төралқа мүшелері субсидияларға жоспарланған қаржының игерілуі, өсімдіктерді зиянкестерден, арамшөптер мен аурулардан қорғау үшін қолданылатын химиялық қосылыстарды өндіруші кәсіпорындар туралы сұрап, білді. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қолдау танытты.