Осындай атаумен облыстық Қоғамдық кеңес жанындағы диалог алаңының отырысы өткізілді. БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов ашып, жүргізген іс-шараға аталған консультатативтік-кеңесші, байқаушы құрылымға жуырда «Жария» тəуелсіз бақылаушылардың батысқазақстандық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің атынан жазылған өтініш хат негіз болды. Онда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге жауапты азаматтармен жүздестіру жəне кейбір мəселелерді алдын ала талқылау ұсынылды. БҚО Қоғамдық кеңесі саяси науқанның ашықтығы мен əділ өтуіне ел тағдырына бейжай қарамайтын əрбір азаматтың араласуы қажеттігін ескеріп, мүдделілік танытты. Диалог алаңының отырысына облыстық мəслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев, облыстық жəне қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері мен мəслихат депутаттары, өңірде тіркелген саяси партиялар мен «Жария» қоғамдық бірлестігінің жəне басқа да қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары қатысты.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов баспасөз беттерінде өңірдегі 505 сайлау учаскесінің тізімі мен шекарасы туралы толық мәліметтің жарияланғанын жеткізді.
— Сайлауды əділ əрі ашық өткізуге бəріміз мүдделіміз. Қазір учаскелердегі дайындық пысықталып жатыр. Жасыратыны жоқ, кейде жекелеген комиссия мүшелерінің заң нормаларын жете білмеуінің салдарынан түрлі бұзушылық тіркеліп жатады. Сондықтан оларды оқытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл жұмыстар 5 қазанда басталып, айдың аяғына дейін жалғасады. Кейін комиссия мүшелерін тестілеуден өткізуді көздеп отырмыз. Мұның бəрі дауыс беру, дауыс санау, жалпы сайлауға қатысты барлық үдерістің заң талаптарына сай өткізілуі үшін ұйымдастырылып отыр, — деді Ғайса Хамедулаұлы.
«Жария» тəуелсіз бақылаушылардың батысқазақстандық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекнұр Сражанов ой-пікірді ортаға салуға мүмкіндік беретін ашық алаң ұсынғаны үшін облыстық Қоғамдық кеңеске ризашылығын жеткізді. Жиналғандар сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар сұрақ қойып, ұсыныс білдірді. Мəселен, барлық сайлау учаскесін бейнебақылау камераларымен қамту, байқаушылардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауды күшейту, оларға кедергі келтіргендерді заң аясында жауапкершілікке тарту жұмыстарын жетілдіру сияқты өтініш-тілектер айтылды.
Жариялықтар аудандық аумақтық жəне учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің сауатын арттыруды, олармен заңнамалық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды сұрады.
Диалог алаңы отырысын облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов қорытындылады.
— Облыстық Қоғамдық кеңес елдік мəселеге қатысты əрбір азаматпен диалог орнатуға əзір. Қоғамдық бірлестіктің өтінішін құп алып, кездесіп отырғандағы мақсатымыз да — келелі кеңес арқылы барлық тараптың айтар ойын тыңдау, ортақ талқыға салу. Бүгін бірқатар маңызды ұсыныстар көтерілді. Біз заң аясында тиісті құрылымдарға ұсынымдарымызды жолдаймыз. Бастысы, бір-біріміздің азаматтық ұстанымымыз бен ой-пікірімізге құрметпен қарайық. Баршаңызға белсенділік танытқандарыңыз үшін рақмет!, — деді Ербол Ғұмарұлы.