Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2022 жылғы 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған еді.
Біз кəсіби қызметін атқара жүріп, ерлікпен қаза тапқан əскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, бейбіт халықтың арасында жазықсыздан-жазықсыз ажал құшқан азаматтардың отбасына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмдардың жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын! Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасына оралуын тілейміз.
Біз бірлігімізді бекемдеп, тұтастығымызды сақтап қалатын сын сəтте тұрмыз. Ел тыныштығы мен тұрақтылығы үшін үлес қосу — Отан алдында да, ел қорғаны бола жүріп шейіт болған боздақтардың алдында да қастерлі парызымыз. Баршамыз осыны жүрекпен сезіне отырып, арандатушылармен аяусыз күресте, бейбіт еліміздің қалыпты өміріне оралуы жолында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жүргізген саясатына сенімді тірек болайық!
Ендігəрі мұндай жағдай қайталанбаса екен деп тілейміз. Қаралы күні қалың елмен бірге аза тұтамыз.