БҚО Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллин өңірдің су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды белгілеуге қатысты хабарлама жасады. Бисенғали Темірланұлының сөзіне сүйенсек, облыста мұндай 73 орын бар.
Облыстық мәслихат депутаты Серік Жарылғапов өңірде өзен-көлді жағалай қоныстанған елдімекендерде балаларды жастайынан суда жүзуге үйрету үшін арнайы орындардың бар-жоғын сұрады.
— Елдімекендерге жақын жатқан өзен-көлдерде арнайы шомылу орындары болуы керек. Тұрғындар, әсіресе балалар суда жүзіп үйренуі керек. Бұл ұсақ-түйек мәселе емес. Көктем туса, жаз шықса болды су айдындарындағы қайғылы жағдайлардан көз ашпай қаламыз. Балаларды қалай баулимыз, соны ескеру керек, — деді Серік Абдуғалиұлы. Ал облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Дархан Қадыралиев жазатайым оқиғалардың дені жабдықталмаған орындарда суға шомылудың салдарынан болып жатқанын тілге тиек етті.
— Қала тұрғындарының барлығы бірдей ақылы орындарға бара алмауы мүмкін. Біразы қолайсыз жерде болса да тегін суға түскенді құп көреді, — деді Дархан Қаныбекұлы. Ол хабарламашыдан Орал қаласындағы 13 орынның қаншасы тегін екенін сұрап, білмек болғанымен мардымды жауап ала алмады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары бұл сұраққа да, жағажайлардағы тазалық мәселесіне де жергілікті әкімдіктер жауапты екенін жеткізді.
БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Ғұмарұлы ойталқыны қорытындылап, басы ашық қалған сұрақтар төңірегінде аудан әкімдіктеріне хат жолдау жөнінде əріптестерінің ұсынысына қолдау білдірді.