Сейсенбіде облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті
Қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықовтың төрағалығымен өткен жиында алдымен 2020 жылғы 18 наурыздағы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген «Батыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларына өзгерістер енгізуі» мәселесі қаралды. Алайда кеңес мүшелері қабылданған ереженің орындалуының сын көтермейтінін, соның ішінде өңірдегі жолдардың күтімсіздігін, ережелердің орындалуына мониторинг жүргізілмейтінін, қағидалар мәтінінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының орыс тіліндегі нұсқасымен сәйкеспейтінін алға тартты. Сондықтан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына материалды қайта дайындауды ұсынып, мәселені кейінге қалдырды.
Жиында облыс бойынша 2022-2024 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік мәні бар аутомобиль қатынастар тізбелерін айқындау мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тимур Шиниязовтың хабарламасына сүйенсек, бұдан бұрын 2019-2021 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік мәні бар аутомобиль қатынастар тізбелері бекітілген. Сол мерзім ішінде облысішілік маршруттарды субсидиялау үшін бюджеттен 402 млн теңге бөлініп, толықтай игерілген. Мұндай субсидиялау жолаушылар тасымалдаушылардың өтемақы алып, техника паркін жаңалауына және халықтың аз қамтылған топтарына (зейнеткерлер, мүгедектер, студенттер, т.б.) жол жүрудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл салада кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдайдың қалыптасуына, таксимен тасымалдау құнын төмендетуге, бастысы жолаушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. «Талдау нәтижелері тасымалдаушы шығыстарының едәуір бөлігін субсидия есебінен өтелетінін көрсетті. Тасымалдау шығындарының жалпы көлеміндегі субсидия үлесі 45-50 пайызды құрайды. Субсидияланатын ауылдық және ауданішілік аутобус маршруттары жыл санап толығып келеді. Сондықтан олардың әлеуметтік маңыздылығын айқындау, бюджеттен субсидиялаудың қажеттілігі бар», – деді Т.Шиниязов. Оның айтуынша, Орал қаласының қалалық маршруттарды (2019 жылы – 222 млн теңге, 2020 жылы – 400 млн теңге, 2021 жылы – 2060 млн теңге) және ауданаралық аутобус маршруттарын (2019 жылы – 100 млн теңге, 2020 жылы – 126 млн теңге, 2021 жылы – 176 млн теңге) субсидиялау көлемі жыл сайын артып отыр.
-Жаңақала ауданында Жаңақазан деген үлкен ауыл бар. Оның ар жағында Бөкей ордасының Ұялы ауылы тіреліп тұр. Жолшыбай Мәстексайға да аутобус қатынаса, тұрғындарға қолайлы болар еді. Қазіргі кезде Жаңақазанға қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталды. Осындай ірі елді мекендерге аутобустарды кіргізу керек, – деп өз ұсынысын білдірді Ербол Салықов. Облысішілік бағыттар бойынша қатынайтын аутобустар санын көбейтуді ұсынған кеңес мүшелеріне Т. Шиниязов оның барлығы республикадан бөлінетін қаржы-қаражатқа байланысты екендігін айтты. «Бүгінде 15 маршрут субсидияланады. Бөлінгені 175 млн теңге, әрбір тасымалдушыға 11-12 млн теңгеден бөлінеді. Аутобустар жылына 365 күн жүруі тиіс. Тағы аутобус маршрутын шығаруға қаржы жетіспейді. Өткен жылдың соңында үш тасымалдаушы қаржы аз деп Жымпиты, Орда, Қалдығайты ауылдарына қатынайтын маршруттарынан бас тартты», – деді хабарламашы.
Басқосуға онлайн режімінде қатысқан қоғамдық кеңес мүшесі Тілеген Арыстанбеков Ордадан Оралға қатынайтын аутобустың жүрмейтінін сынады. Бұған Т. Шиниязов аутобустардың жолға шықпаған күндеріне қаржы төленбейтінін, бағыттарының GPS қондырғысы арқылы анықталатынын айтып өтті. «Қазіргі уақытта Сайқынға «Қабдығалиев» жеке кәсіпкерлігінің аутобусы жүреді. Орда ауылына қатынайтын жаңа тасымалдаушыны анықтауға конкурс өткізілуде», – деп жауап берді Т. Шиниязов.
Қоғамдық кеңес мүшелері қалаішілік маршруттардағы аутобустардың қызмет көрсету сапасының нашар екендігін тілге тиек етті. Олар талай жиында айтылған сын пікірлердің нәтижесі шамалы екендігіне алаңдаушылық білдірді.
Күн тәртібінде Теректі ауданының кейбір елді мекендерін тарату туралы облыс әкімдігінің және облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі бірлескен қаулысы мен шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, мақұлданды. Газы, ауыз суы тартылмаған елді мекенде мал өсіретін үш адам тұрады. Қоғамдық кеңес мүшелері Аңқаты ауылдық округіндегі Новая точка ауылын тарату жөніндегі шешімді мақұлдады. Сонымен қатар басқосуда 2022 жылға тыңайтқыштар тізбесі мен субсидиялар нормаларын, көлемін бекіту мәселесі қаралып, оң шешім шығарылды.
Кеңес отырысына қатысушылар «Жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжау қағидасын бекіту туралы» мәселені талқылады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Баймағанбетовтың баяндауынша, былтырғы 31 желтоқсанда кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң қабылданып, Бюджет кодексінің 65-бабының 1.1-тармағына өзгерістер енгізілген. Осындай өзгерістерге сәйкес жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжауды жергілікті жоспарлау жөніндегі уәкілетті құрылым, атқарушы құрылым айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады. Сонымен қатар Бюджет кодексінің 65-бабы 3-тармағына сәйкес бюджет түсімдерін болжау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті құрылым әзірлейтін, бекітетін, бюджет түсімдерін болжау әдістемесінің негізінде жүзеге асырылмақ. Ұлттық экономика министрлігімен бекітілген әдістеме негізінде облыс әкімдігінің «Жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжау қағидаларын бекіту туралы» қаулысы жасақталған. Басқосуда қоғамдық кеңес мүшелері осы қаулы жобасын мақұлдады.