БҚО қоғамдық кеңесінің жанындағы аумақтық даму жəне бюджет мəселелері бойынша комиссияның отырысында 2025 жылға дейінгі облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу мəселесі қаралды. Атап айтқанда биылғы бюджеттің сəуір айындағы нақтылану жобасы талқыланды. Аталмыш комиссия төрағасы Айгүл Есекенова ашып, жүргізген отырыста алдымен облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев хабарлама жасады. Бұдан əрі комиссия мүшелері басқарма басшыларына салалық сұрақтар жолдап, өзгерістер жобасы жөнінде ой-пікір білдірді.
Комиссия төрағасы Айгүл Есекенова өңірде көптеген құрылыс жобасының кестеден кешігіп жатқанын айтып, бұл бағытта салааралық стратегиялық жоспарлаудың маңыздылығына тоқталды.
— Əсіресе, білім беру нысандарының құрылысына қатысты жағымсыз жағдай қалыптасып отыр. Басқасын айтпағанда, Шалғындағы шағын мектеп салынып біткен жоқ. Облыстық қоғамдық кеңестегі кейбір əріптестеріміз осындай олқылықты батыл көтеріп, дəлел-дəйектермен айтып та, жазып та жүр. Атқарылып жатқан жұмысты жоққа шығармаймыз, бірақ басы бар, аяғы жоқ құрылыстың көбейгені қоғамды қынжылтпай қоймайды, — деді Айгүл Оразқызы.