ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ БЫЛТЫРҒЫ БЮДЖЕТІ АЛДЫҢҒЫ ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 4 ЕСЕ АРТТЫ
Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Ғұмарұлының төрағалығымен өткен аталған құрылымның кеңейтілген отырысында былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп берген облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Фарида Раджапова айтты. Оның айтуынша бұл ең алдымен қалыптасқан жағдайға төтеп беріп, медициналық мүмкіндігімізді кеңейтуді көздейді. Фарида Тоқтасынқызының баяндамасына тоқталсақ, былтыр облыстық бюджеттің өз кірістерінің жоспары 45,4 млрд.теңгеге орындалған. Кірістердің негізгі көздерін немесе 91% бөлігін жеке табыс салығы мен əлеуметтік салық құрап отыр. Сондай-ақ полиция департаменті, олардың аумақтық бөлімшелері салатын әкiмшiлiк айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алулар және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдары 1,2 млрд теңгеге жуықтаған.
Бюджет шығыстарының басым бөлігі немесе 90,5 млрд. теңге қаржы əдеттегідей əлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, білім беруге 44,2 млрд.теңге, денсаулық сақтауға 13,3 млрд.теңге, әлеуметтік қамсыздандыру үшін 26,8 млрд.теңге жəне мәдениет пен спортқа 6,2 млрд.теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 18,4 млрд.теңге, ауыл шаруашылығына 25,7 млрд.теңге, көлік және коммуникацияға 20,7 млрд.теңге , өнеркәсіп, сәулет және құрылыс қызметіне 13,3 млрд.теңге бағытталды.
2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚАРЖЫ ИГЕРІЛМЕГЕН
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға жəне əртараптандыруға əрдайым көңіл бөлінеді. Облыста да шаруалардың кəсібіне қаржылай қолдау көрсетіледі. Мəселен, есепті мерзімде мал шаруашылығын дамытуға, өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға 8,4 млрд.теңге бөлінген. Облыстағы қожалық иелері отандық селекциялы ірі қара малының 13366 басын,5994 бас қой мен 107 бас асыл тұқымды айғырды сатып алған. ТМД елдерінен 1351 аналық ірі қара мал басы, ал Аустралия, АҚШ, Канада елдерінен 31 асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басы импортталған. Саладағы атқарылып жатқан осы жəне өзге де жұмыстардан бөлек, кейбір кемшін тұстар да қоғамдық кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ. Əсіресе 1,9 млрд. теңгенің не үшін игерілмей қалғаны алаңдатты. Сала басшылығы мұны ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан тиісті өтінімнің түспеуімен байланыстырды. Сондай-ақ қағазбастылық пен уақыттың жеткіліксіздігін де сөз етті. Қайткен күнде де бұл жерде жергілікті атқарушы орган тарапынан да ширақ қимылдың қажеті анық. Қоғамдық кеңес мүшелері қомақты қаржыдан қағылған тиісті сала басшылығына мұндай олқылыққа жол бермей, шаруалар мен тауар өндірушілер арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейте отырып, жыл он екі ай жүйелі жұмыстануды қаперледі.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ АУДАНДАРДА ДА ЖАНДАНАДЫ
Былтыр «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде жалпы ауданы 21,2 мың шаршы метр 3 тұрғын үй пайдалануға берілген. Соның екеуі Орал қаласында жүзеге асса, енді бірі Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылдық округінде салынған 1 қабатты 2 пəтерлі үй. Облыстық бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 6,7 мың шаршы метр 68 тұрғын үй Сырым және Қаратөбе аудандарында пайдалануға берілді. Осылайша тұрғын үй құрылысын жаңғыртуды көздейтін бағдарламаның игілігін ауыл адамдары да сезінуде. Оған тағы бір мысал — биыл құрылысы басталған ауданы 23,4 мың шаршы метр 6 тұрғын үйдің төртеуі Жаңақала, Қазталов, Жалпақтал жəне Жəнібек ауылдарында бой көтереді.
ЕСКЕРТПЕЛЕР АЙТЫЛДЫ, ЕСЕП МАҚҰЛДАНДЫ
Өңір қазынасының қаржысы өткен жылы қайда жəне қанша көлемде жұмсалғаны жайлы баяндамада барлық сала қамтылды. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бюджет есебінен қаржылай қолдау көретін арнайы қордың үлесі, ондағы өнімдердің мөлшері, автокөлік жолдарын күтіп-ұстау, аудандарға аударылатын бюджеттік субвенцияларды бөлу тəртібі туралы сауалдар қойылып, тиісті жауап алынды. Былтыр пайдалануға берілуі тиіс кейбір нысандардың құрылысы кешеуілдеп жатқаны жөнінде де сөз болды. Пандемия кезеңінде ешкімге оңай тимегені анық, десе де қаржыны сұрауын сұрап, кейін уақытылы игере алмайтын басшыларға жауапкершілікті күшейту қажеттігі айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері 2020 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті құптарлық деп таныды.