ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ИГІЛІГІ
Биылғы бірінші тоқсанда мемлекеттік қызметтердің 95%-ы электрондық түрде көрсетілген. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Ғұмарұлының төрағалығымен өткен аталған құрылымның кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев мəлімдеді. Ғалым Сұлтанұлы облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында өңірдегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы сараптамалық баяндама жасады. Департамент басшысының айтуынша, бүгінгі таңда барлық мемлекеттік қызмет түрлерінің 90%-ы электрондық нысанда қолжетімді. Заман талабына сай бұл қадам халықтың қаржысы мен уақытын үнемдеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін де азайтатыны анық. Өңірде электрондық қызметтерді пайдаланудың қарқыны пандемия кезеңінде тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді алу жұмыстарын үйден шықпай-ақ үйлестіруге ұмтылысымен байланысты. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарының, соның ішінде онлайн оқытулардың да оң əсері байқалды.
ОБЛЫС ОНЫНШЫ ОРЫНДА
Жүргізілген жемісті жұмыстарға қарамастан, көңіл түсіретін тұстар да жоқ емес. Мəселен, жыл сайынғы қоғамдық мониторингтің қорытындысына сəйкес өңірдегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 77,7%-ға бағаланып, облыс республика бойынша оныншы орында тұр. Қорытындыға көз жүгіртсек, əсіресе медициналық жедел жәрдем шақыру, азаматтардың хал актілерін тіркеу туралы қайталама куəліктері мен анықтамаларды беру, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау сияқты мемлекеттік қызметтерге қатысты қанағаттану деңгейі тым төмендеп кеткен.
БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСЫ БƏСЕҢДЕМЕЙДІ
Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі — мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау жұмыстарына тоқталған Ғалым Сұлтанұлы биылғы бірінші тоқсанда 40 заң бұзушылық анықталғанын мəлімдеді. Статистикаға сүйенсек, қызмет барысындағы олқылықтар жөнінен ауыл шаруашылығы саласы «көш бастап» тұр. Жер қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында да шалағайлық жиі кездеседі. Департамент бақылау жүргізіп қана қоймай, қызмет көрсетушілердің кəсіби біліктілігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға аса мəн береді. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылған іс-шаралар, кеңесе отырып түзілген жүйелі жоспар бар. Ғалым Тұрсынбаевтың сөзінше соның арқасында заң бұзушылық саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда əжептəуір төмендеген.
АРЫЗЫ АЗАЙМАЙТЫН АУДАН
Департаментке жергілікті атқарушы органдарға қатысты түскен шағымдардың расталу дерегі көбірек. Мəселен, есепті мерзімде мемлекеттік қызмет алушылар тарапынан түсірілген 4 өтініштің үшеуі бойынша дəлелдер расталып, шағымданған азаматтардың құқығы қалпына келтірілген. Аудандар арасында Бəйтеректегі ахуал алаңдатарлық. Аталған аудан бойынша департаментке 2018-2021 жылдары аралығында түсірілген 4 өтініш дəлелін тапты. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Суюнгали Ярлыгасымов заң талаптары бəріне ортақ екенін айтып, аталған ауданның жыл сайын сын садағына ілігетіні кəсіби мамандардың жетіспеушілігі мен жауапкершіліктің жоқтығын білдіретінін қадап айтты. Қоғамдық кеңес отырысына арнайы шақырылған Бəйтерек ауданы əкімі аппаратының басшысы Тілекбай Төлепқалиев шағымның көбею себебін ауданда кадрдың тұрақтамауы мен жас мамандардың тəжірибесіздігімен байланыстырды. Аудан бойынша анықталған заң бұзушылықтың артында сыбайлас жемқорлық əрекеті жоқ екенін, қоғам дертімен күрес жолында кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
ЕСКЕРТПЕЛЕР ЕЛЕНГЕН
Ғалым Сұлтанұлы департамент пен облыстық қоғамдық кеңес бірлесіп атқарған қоғамдық бақылау жұмыстарының қорытындысын жариялады. Соның ішінде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ БҚО бойынша филиалының бөлімдерінде қызмет сапасына қатысты көптеген сын мен ұсыныс айтылған еді. Аталған филиал директоры Нəдір Құрымбаев сын-ескертпелерге байланысты жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Мəселен, мамандандырылған орталыққа BE санаты бойынша жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үшін тіркеменің жуырда алынатыны белгілі болды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да мүддесі қорғалатыны айтылды. Сондай-ақ автомектептердің рейтингін анықтау арқылы бəсекелестік пен сапаны арттыру ұсынысына байланысты тиісті талдау көрсеткіші ұйымдастырылады.
Жиынды қорытындылаған Ербол Ғұмарұлы облыстық қоғамдық кеңес департаментпен бірлесіп, қоғамдық бақылау іс-шараларын белсенді жүргізгенін тілге тиек етті. Алдағы уақытта да екіжақты байланыс дамитынына сенім білдіріп, салмақты сараптамалық баяндаманы ұсынғаны үшін департамент басшысына алғысын арнады.