Баршаңызды тəуелсіздіктің торқалы тойымен құттықтаймыз!
ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тəуелсіздік тағылымы» атты мақаласында ұлық мерекенің мəн-мағынасына тоқталып: «Тəуелсіздік – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы», — деп ерекше атап өтті. Осы қасиетті құндылықты көздің қарашығындай қорғау — əрбір қазақстандықтың ортақ міндеті.
Тəуелсіздікке дейінгі тоқырау жылдары мен егемендіктің елең-алаңында халықтың басына түскен бейнет пен көрген қиындықты қазіргі ұрпақ ертегідей елестетуі мүмкін. Халықтың төзімі мен ауызбіршілігінің арқасында ауыртпалық артта қалып, тəуелсіздік жылнамасының жарқын беттері ашылды. Қоғамның əрбір мүшесі, əсіресе жас ұрпақ мұны біркісідей сезініп, жас мемлекеттің болашағын бұдан да жарқын ету жолында аянбай атсалысқаны абзал.
Отыз жылдың ішінде облыста да орасан істер атқарылды. Қол жеткізілген жетістіктер мен толайым табыстар — Ұлы Дала елінде салтанат құрған тыныштық пен тұрақтылықтың, тəу етер тəуелсіздіктің жемісі. Алдағы уақытта да ашық аспан аясында бақ-ырыс, құт-берекеміз молая берсін!
Ұлық мереке күні əр отбасыға амандық, əр шаңыраққа шаттық тілейміз! Егемендігіміз ғұмырлы, тəуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Құрметпен, Батыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі