Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Алланың рақымы мен мейірімі молынан жазылатын, айлардың сұлтаны саналатын Рамазанда əр мұсылман жан мен тəнін тазартуға тырысып, қайырымды амалдар мен ізгілікті істер арқылы жүректі жұмсартуға, иманын күшейтуге құлшынады. Қасиетті айда ауыз бекіту — оразаның өзі ауызбірлік, жақсылық, қайырымдылық, мейірімділік, сабырлық сияқты адами қасиеттерімізді арттырып, шынайылық пен шүкірлікке шақырады.
Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал əлі де алаңдатарлық. «Қызыл» аймақта қалғанымызға бір айға жуықтады. Осыған орай, мұсылман қауымы асыға күткен бес парыздың бірін орындау барысында да биыл бірқатар шектеулердің болатыны белгілі. Атап айтқанда тарауих намазы жамағатпен оқылмайды, ұжымдық ауызашарлар ұйымдастырылмайды. Елдің амандығы, деннің саулығы үшін қабылданған бұл шешімдерге қай-қайсымыздың да құлақ асқанымыз абзал.
Ардақты ақжайықтықтар! Қасиетті айда бар ниетімен ораза тұтқан мұсылман қауымның қадамын Алла қолдап, қауіпті індет келмеске кетсін! Еліміз аман, жеріміз бүтін болып, əр шаңырақтың бақ-берекесі арта берсін! Ұстаған оразамыз, айтылған дұға-тілегіміз қабыл болғай!