Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Ғұмарұлының төрағалығымен өткен кезекті отырыста өңірдегі техникалық, кəсіптік жəне орта білімнен кейінгі ұйымдардағы өзекті мəселелер талқыланды. Осы тақырыпта баяндама жасаған БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Сəрсенғалиеваның айтуынша, облыс бойынша осындай 35 білім беру ұйымы болса, соның 24-і мемлекеттік, 11-і мемлекеттік емес. Бүгінгі таңда көптеген колледждердегі бала саны жобалық қуаттылығына сай емес. Мəселен, Ақжайық аграрлық техникалық колледжінде жобалық қуаттылығы 990 орында 238 студент, Бəйтерек колледжінде 740 орында 251 студент білім алады. Сондай-ақ, өңірдегі оннан астам колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптарына сəйкес келмейтіні анықталған. Бірқатар білім беру ұйымдарында асхана, спорт залы, дəретхана мəселесі мүлдем шешілмеген. Интернет жылдамдығы да талапқа сай емес. Гүлнара Ақмырзақызы көлемді сараптама жасап, осы олқылықтарды жою жолындағы ой-жоспарын да ортаға салды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева да баяндама жасап, тақырыпқа қатысты жан-жақты анықтама берді. Ол өз сөзінде дуальді оқыту жүйесі аясында кəсіптік-техникалық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан мекеме, кəсіпорындарды атады. Айгүл Əділгерейқызының айтуынша бұл жердегі бір мəселе — кəсіпорындарда студенттер үшін тәлімгерлердің жетіспеушілігі. Осы орайда, жағымды жаңалық, бұдан былай дуальді білім беру жүйесі бойынша студенттерге тəлімгерлік еткен жұмысшыларға еңбекақы төленетін болды.
Қоғамдық кеңес мүшелері кəсіби бағдар беру жұмыстарын жандандыру, колледждерде оқу мерзімін оңтайландыру, бейіндік оқыту бағдарламаларын тереңдету тұрғысында нақты ұсыныс-тілегін жеткізді. Осы жəне өзге де мəселелерге кеңінен тоқталған қоғамдық кеңес мүшелері баяндаманы қаперге ала отырып, тиісті қарар қабылдады.
Күн тəртібіне шығарылған мəселенің өзектілігін жəне қоғамдық кеңес мүшелерінің бұл бағытта біраз ой-пікір айтқанын ескере отырып, аталған отырыстың тақырыбына алдағы уақытта қайта ораламыз.