Бұл күн — өткен жолымызға үңіле отырып, жарқын болашаққа деген сенімді нықтайтын жалпыұлттық мереке. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мемлекет тізгінін ұстаған сəттен-ақ тағдыршешті шешімдер шығарып, тәуелсіздік тұғырын бекіте түсу үшін табанды еңбек етуге тура келді. Ұлт Көшбасшысының өзі айтқандай, ел болып, етек-жеңімізді жинап жатқан тұста алдымызда алаңсыз адымдай түсетін даңғыл жол болған емес. Алаңдадық, абдырадық. Тарих куə, Елбасы бастап, халық қостап сыналған шақтарда сыр бермей шықтық.
Тұңғыш Президенттің тиянақты жоспары талай тығырыққа тойтарыс берді. Көршілес мемлекеттермен жүргізілген сауатты əрі байыпты байланыстың арқасында шекара шегенделіп, бұл мəселеге біржола нүкте қойылды. Айдың күннің аманында кейбір елдер жерге таласып, ортақ мəмілеге келе алмай жатқанда байтақ елімізді əу баста бүтіндеп алғанымыздың өзі — асқақ абырой, зор бақыт!
Қазақстанды күллі əлем бейбітшіліктің бесігіне балайды. Қуаттылығы жөнінен дүние жүзіндегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту — нар тәуекел, батыл бастама. Елбасы қазір де Алты Алашты ғана емес, алты құрлықты ауызбіршілікке шақырған, жаһан жұртын жақсылыққа үндеген жолынан жаңылған емес.
Сарабдал саясаткердің салиқалы саясатының тағы бір жемісі — Отанымызда орныққан ұлтаралық татулық, бейбітшілік пен келісім. Қуатымызды арттырып, жетістіктерімізді еселейтін бұл құндылықты келешекте де көздің қарашығындай қорғауымыз керек.
Тұңғыш Президенттің төккен терін тарих толқындары шайып кете алмайды. Оның тəуелсіз елді төрге шығару жолындағы табанды еңбегін, көреген қасиетін, көшбасшылық қырын əлі талай ұрпақ, бірнеше буын жыр қылып айтары сөзсіз. Ендігі міндет — сіз болып, біз болып береке-бірлігімізді баянды ету, ортақ Отанымызды өркендету жолында жұдырықтай жұмылу.
Мереке құтты болсын, ақжайықтықтар! «Мəңгілік Ел» болуды мұрат тұтқан ұлы жолда сапарымыз сəтті болғай!