БҚО Мемлекеттік қызмет істері департаментімен бірлескен іс-шаралар жоспарына сəйкес облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Жұмажан Қожжанов, Алтынай Искалиева бастаған мониторинг тобы Орал қаласындағы жұмыспен қамту орталығында болды. Тұрғындар жиі жүгінетін мекеменің тыныс-тіршілігін байқастап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасына қоғамдық бақылау жасау мақсатымен ұйымдастырылған іс-шараға өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары да тартылды.
Мониторинг барысында кемшілік анықталған жоқ. Халықты еңбекпен қамту бойынша жұмыстар жүйелі, заң аясында атқарылып жатыр. Қызмет алушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мəлімет бойынша жұмысқа орналасу мәселесімен 12 072 адам жолығып (күніне 200-250 адам), оның 3 864-і жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш берді, ал 5 927 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.
Биылға дейін Орал қаласы бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген 9279 отбасының құжаттары қаралып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Нəтижесінде, 1866 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған, соның ішінде 562-сі көпбалалы отбасы.
Мониторинг тобы орталыққа келушілердің де ұсыныс-тілектерін тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты өз ойларын да ортаға салды.