Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында аймақ басшысы Ғали Нəжімеденұлы Есқалиевтің есебі тыңдалды. Облыс əкімі өткен жылы жүзеге асырылған жұмыстарды баяндап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды. Күн тəртібіне сəйкес облыстық мəслихат пен облыстық қоғамдық кеңестің жылдық жұмысы жөнінде Бибігүл Тишанқызы Қонысбаева мен Ербол Ғұмарұлы Салықов баяндама жасады.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан Тасқала аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақтығұл Тасмағамбетов, М.Өтемісов атындағы БҚУ тарих факультетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінің директоры Қуандық Мəдір, «AQJAIYQ» телеарнасының дикторы Біржан Кухаев сөз сөйлеп, ой-пікірін білдірді. Олар өңірдегі ілкімді істерге де, кейбір салалардағы іркілістерге де тоқталды. Кеңес мүшелері Жұмажан Қожжанов, Əлихан Досмұхамбетов, Алтынай Искалиева да бірқатар сауал жолдап, нақты жауап алды. Қорыта келгенде, аймақ басшысының есебін қанағаттанарлық деп таныған облыстық қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан оң бағасын берді.
Өз кезегінде Ғали Нəжімеденұлы қоғамдық кеңес мүшелеріне жоғары белсенділік пен қолдауы үшін алғысын айтып, атқарушы орган мен азаматтық қоғамның ауызбіршілігінің арқасында бірігіп бітірген істердің берекелі, баянды боларына сенім білдірді.
Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы туралы алдағы уақытта тарқатып жазамыз.