Биыл облыстық қоғамдық кеңес алғашқы отырысын өткізді. Басқосуда былтырғы жұмыс қорытындысы, кеңестің әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлі, алдағы жоспар жөнінде айтылды. Кеңес отырысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
2022 жылы облыстық қоғамдық кеңестің 15 отырысы мен 11 төралқа жиыны өткен. Жалпы 70 нормативтік-құқықтық акт қаралған. Кеңесте көтерілген сұрақтар егжей-тегжейлі талқыланып, тиісті шешімдер қабылданып қана қоймай, жауапты құрылымдарға жолданған. Мемлекеттік құрылымдар жұмысының есептері де осы жерде тыңдалған. Цифрлық қызмет, жұмыспен қамту, денсаулық, білім, көші-қон салаларының өзекті мәселелері және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жайы да қоғамдық кеңес мүшелерінің бақылауында болған. Десе де, қоғамдық кеңестің қызметіне немқұрайлы қарайтын мекемелер бар екен. Ол жөнінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов айтты.
– Қоғамдық кеңестер мемлекеттік құрылымдардың кейбір нормативтік-құқықтық актілерін отырыстың күн тәртібінен шығармауға құқығы бар. Ал әділет құрылымдары қоғамдық кеңесте қаралған құжатты тіркемейді. Ұсыныс жолдаған күннің өзінде де талқыға түскен жобаның бір әрпі де өзгертілместен қабылданатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Былтыр Астана қаласында өткен қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісіне қатысқанымызда, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің алдында осы және өзге де мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірімізді ортаға салдық, – деді Ербол Ғұмарұлы.
Кей ауыл-аудандарда қоғамдық кеңес мүшелерінің тиісті іссапар шығындары қарастырылмапты. Соған қарамастан қоғамдық кеңес қызмет жасауын бәсеңдетпеді. Жиналыста қоғамдық кеңестердің арнайы кеңселері, қызмет көліктері жоқ екені, жалақыларының мардымсыз екені де айтылды. Одан бөлек басқосуда өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелер қозғалды. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір Орал мен Атырау арасына теміржол салу, сонымен қатар қала маңындағы «Құс фабрикасы» саяжайына инфрақұрылым тарту мәселелерін көтерді.
– «Құс фабрикасына» ауылдан қалаға қоныс аударған ағайын көп көшіп келді. Қала орталығынан баспана, жер алатын мүмкіндігі болмағандықтан, сол саяжайдан арзан жер алып үй салды. Тұрғындар электр жарығын, көгілдір отынды жоғары тарифпен тұтынып отыр. Ол жерге аурухана немесе емхана салу қажет. Жол салуға да қаражат дұрыс бөлінбейді. Мектеп те жоқ. Себебі ол жер әлі күнгесаяжай ретінде тіркеуде тұр, – деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал мен Атырау арасына теміржол салу ойда болғанымен, оны іске асыру оңай емес екенін айтты. Ақжайық ауданындағы Сәтимолла кен орнын игеруге инвесторлар тартылса, аталған мәселені сол арқылы шешуге күш салатынын жеткізді. Егер бұл мәселе шешімін табар болса, Оралдан шыққан теміржол Индерге дейін жетіп, әрі қарай Индер – Мақат теміржолына қосылмақ. Бірақ бұл – күрмеуі шешіле қоймаған мәселе.
– «Құс фабрикасының» жайы – өткір мәселе. Тұрғындар жылдар бойы биліктен жауап күтіп жүр. Бірақ «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын ұстануға тиіспіз. Осы саяжай қауымдастығының қордаланған түйткілді мәселелері әзірге шешілмейді. Бүгін-ертең деп бос уәде бермейік. Облысымыздағы басқа да мәселелерге қаржы жеткізе алмай, Үкіметтен қолдау-көмек сұрап отырмыз. Саяжайға жол салу, одан да басқа инфрақұрылым желілерін жеткізу керек. Жалған уәде беріп, халықтың алдында ұятқа қалмайық. «Барды бар, жоқты жоқ» деп айтатын уақыт келді. Сондықтан әзірше ол жақта тұрып жатқан ағайынға жағдай жасай алмаймыз. Ашығы сол. Оған облыстық қана емес, республикалық бюджеттің қауқары жетпеуі мүмкін, – деді облыс әкімі.
Кеңесте одан бөлек өңірдегі білім, мәдениет нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеудегі іркілістер, мердігерлердің жауапсыздығы, абаттандыру мен жарық мәселелері көтерілді. «Былтыр құрылыс жобасы, жөндеу жұмысы, су құбырын тарту, бөгет салу сияқты жұмыстарды орындауға миллиард теңгеден астам ірі мемлекеттік сатып алулар жасалған. Біз барлығын талдап, сізге көрсеткіміз келеді. Бұл мәселелерге біржақты қарауға болмайды. Өйткені кей нысан жобасы қате болса, қайсыбіріне бөлінген қаражат уақтылы бөлінбейді. Мердігерлердің жауапсыздығынан бөлек, жобалық-сметалық құжаттама жасайтын мамандардың құрылыс орнына бармай, мекемеде отырып жүргізетін сметалық есебі көп іске кедергі келтіруде», – деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Ахметжан.
Жиын соңында кеңесте көтерілген барлық мәселе маңызды екенін айтқан өңір басшысы бірлесіп қана ортақ шешім табуға болатынын айтты.