Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нысан құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы үшін тиісті қаржы қарастырылған. Қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар қолдаса, ЖСҚ жасақтау жұмыстары басталады. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында 2021 жылға арналған аймақ бюджетінің нақтылануға ұсынылған жобасын таныстырған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов айтты.
БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Ғұмарұлы төрағалық еткен отырысқа бірқатар басқарма басшылары да шақырылды. Санитарлық талаптар ескерілді. Күн тəртібіне сай, үш жылдық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мəселе қаралып, басқарма басшысы Тілепберген Каюповтың баяндамасы тыңдалды. Бюджет шығыстарының біраз бөлігі білім саласын қамтиды. Айталық, педагогикалық және индустриалдық колледж ғимараттарына күрделі жөндеуді өткізуге, Бәйтерек ауданы Дариян ауылының және Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №3, 4 мектеп ғимараттарының күрделі жөндеуін аяқтауға, Теректі ауданы Аңқаты ауылының және Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының мектеп ғимараттарының күрделі жөндеуін бастауға, Орал технологиялық колледжі және зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты-колледж кешені ғимараттарын күрделі жөндеуге ЖСҚ жасақтау жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласына, атап айтқанда, медициналық жабдықтар, жедел жәрдем көлігін сатып алуға қаржы бағыттау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, тұрғын үй, жол, коммуналдық шаруашылық, мəдениет, спорт, ақпарат, ветеринария жəне қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша да бірқатар жобаларды қаржылық қамтамасыз ету жоспарланған.
Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыға сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Бұл мəселе бойынша барлығы бірауыздан қолдау танытты.