Облыстық қоғамдық кеңес мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасына қоғамдық бақылауды Мемлекеттік қызмет істері департаментімен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Жуырда қоғамдық кеңес мүшелері Айгүл Есекенова, Данильбек Саратов, Біржан Кухаев шаһардағы №1, №2 және Орал қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің қызмет сапасына мониторинг жүргізді. Олар сала басшыларына пандемия кезінде қызметтерді көрсетуде туындайтын проблемалық мәселелерді шешу жолдарын, оның ішінде цифрлық қызмет орталығын жабдықтау, мамандардың кәсіби деңгейін әрдайым арттыруды ұсынды. Мониторинг тобымен бірге жүріп, азаматтық ұстанымын танытқан қала тұрғыны Тілеген Турешевтың да белсенділігін ерекше атап өтуге болады.
Мониторинг барысында жұмыстың жүйелілігі байқалды, алайда басы ашық қалған сұрақтар да аз емес. Соның бірі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөліміндегі автоматтандырылған автодромда практикалық сынақтан өтушілер үшін алдын ала даярлық қарастырылмаған. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын айтпағанда, көршілес Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының осындай орталықтарында азаматтар емтихан алдында ақылы қызмет алып, жаттығу алаңында бір рет болса да дайындығын пысықтай алады. Жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтар үшін бұл қызметтің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бөлім басшыларының сөзінше, аталмыш қызметті қосу үшін корпорацияның рұқсаты керек. Облыстық қоғамдық кеңес алдағы уақытта автодромның айналасында қордаланған осы жəне өзге де мəселелерді кеңейтілген құрамда талқылап, тиісті сала басшыларына нақты ұсынымдар əзірлемек.