Қадірлі батысқазақстандықтар!
Баршаңызды өзімнің жəне БҚО Қоғамдық кеңесі мүшелерінің атынан ҚР Конституциясы күнімен құттықтаймын! Мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжаттың құндылықтарын қорғау, қағидаттарын ұстану — əрбір азаматтың міндеті. Тəуелсіздіктің тəй-тəй басқан тұсында қабылданып, жылдар жүзінде түрлі түзетулер енгізіліп отырған негізгі заңның аясында тағдыршешті шешімдер жасалды, жас мемлекетіміздің жылнамасы жазылды.
Биыл Конституция баптарының үштен бір бөлігіне түзетулер енгізу бастамасы республикалық референдумда қазақстандықтардың қолдауына ие болды. БҚО Қоғамдық кеңесі де конституциялық реформаны жан-жақты талқылап, халық билігінің айқын көрінісі саналатын бүкілхалықтық дауыс беруге белсене қатысу жөнінде жерлестерімізге үндеу жариялаған едік. Түптеп келгенде, Ата Заңның жаңарып, жаңғыруы мемлекетімізді одан əрі жетілдіріп, нығайта түсуге негіз болатыны анық.
Қадірлі жерлестер!
Бұл — жалпыұлттық мереке. Өйткені, ҚР Конституциясында ең алдымен адамдардың құқығы пен мүддесі, егемен еліміздің игілігі көзделетіні атар таңдай ақиқат. Бастысы, заңның үстемдігін қамтамасыз ету жолында тиісті құрылымдардың кəсібилігі мен біздің, қоғам өкілдерінің, белсенділігі арта бергей!
Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін! Ел іргесі тыныш, бейбіт күніміз баянды болғай!
Құрметпен, Батыс Қазақстан
облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Ғұмарұлы Салықов.