Бұдан бұрын жазғанымыздай, ҚР Парламентінің депутаттары Лəззат Рысбекова мен Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті. Мақсат — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сəйкес, биылғы 5 маусымға белгіленген бүкілхалықтық референдумға ұсынылған конституциялық реформаны талқылау. Іс-шараны облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов ашып, жүргізді. «Тəуелсіз ел тарихындағы үшінші республикалық референдум саяси жүйені жаңғыртуға жаңаша жол ашатыны анық. Мемлекет басшысы маңызды өзгерістерді тұтас елдің таразысына салып, басты заңды барша халықтың қатысуымен жаңартуды жөн деп тапты. Мұның өзі ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын əрбір азаматқа сын екені сөзсіз. Біз, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, мұны бір кісідей түсінеміз. Жалпы қазақстандықтар референдумның салмағын сезінеді деп ойлаймын», — деді Ербол Ғұмарұлы.
Парламент Сенатының депутаты Лəззат Рысбекова референдумда халық қолдау білдірсе, өзгертулер мен толықтырулар Конституцияның үштен бір бөлігін қамтитынын айтып, ұсынылған түзетулерге тоқталды. Қысқаша қайырсақ, коституциялық реформа суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшуді көздейді. Бұл өз кезегінде президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді. Мəселен, жобаға сай мемлекет басшысының өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуға, ал оның жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ. Президент облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерін тағайындар алдында жергілікіті мəслихат депутаттарының келісімін алу үшін кемінде 2 кандидатураны ұсынатын болады. Сондай-ақ, Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделген. Ал Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалатыны туралы 46-баптың 4-тармағы Ата Заңнан алынып тасталады.
Сенатор Лəззат Тұяқбайқызы осы жəне өзге де жаңашылдықтар туралы жан-жақты баяндап берді. Коституциялық реформада қазірдің өзінде қарапайым халықтың зор қолдауына ие болған тұс — азаматтардың құқықтарын қорғау тəсілдерін жетілдіру жолдары. Бір ғана мысал, жобаға сай Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып қайта құрылады. Мұндағы азаматтар үшін жағымды жаңалық, олар Конституциялық Сотқа өтініш беру құқығына ие бола алады. Осыған дейін Конституциялық Кеңесте жеке азаматтардың өтініштері қабылданбайтын. Өзгеріс азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын жоғары деңгейде қорғауға мүмкіндік береді. Адам құқықтары жөніндегі уəкілдің де құқықтық мəртебесін күшейту көзделген.
Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша қазақстандықтар референдумға қатысып, азаматтық көзқарасын танытуы өте маңызды. «Бұл конституциялық реформа — уақыт талабы. Президенттің маңызды түзетулерді Парламенттің құзырына қалдырмай, бүкіл халықтың талқысына салуында үлкен мəн бар. Сондықтан, көзқарас қандай болған күннің өзінде де 5 маусымда азаматтық ұстанымды білдіру — қай-қайсымыздың да міндетіміз. Барлық қазақстандықты референдумға қатысуға шақырамын», — деді Снежанна Валерьевна.
БҚО Қоғамдық кеңес мүшелері республикалық референдумның тарихи маңызына тоқталып, конституциялық реформаны қолдайтынын білдірді.