Бүгін құрамында облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Біржан Кухаев, облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы Аңсар Неғметуллин, азаматтық ұстанымын білдіріп, белсенділік танытқан қала тұрғыны Талғат Досмағамбетов жəне «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлсезім Бияшева бар топ Зачаган кенті аумағындағы бірқатар шағын дүкендерді аралап, əлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы мен сапасына зер салды. Мониторинг тобы бірқатар заңбұзушылықты анықтап, кəсіпкерлерге тиісті ұсыныстарын берді.
Мəселен, «Гүлбағида» дүкенінде əлеуметтік маңызы бар тауар саналатын майлылығы 2,5 пайыз болатын жұқа қаптамадағы айранның құны 340 теңге деп көрсетілген. Кəсіпкер оны 280 теңгеден сатып алғаны белгілі болды. Демек, үстеме баға рұқсат етілген 15 пайыздан асып тұр. Сатушыға қолданыстағы заңнама түсіндіріліп, аталған өнімнің бағасы төмендетілді.
Ал, «Ansar», «Помидор» азық-түлік дүкендерінде сөрелердегі кейбір тауарлардың бағасы көрсетілмеген. Сол бойда баға жазылған жапсырмалар қойылды.
Мониторинг тобы аталған аумақтағы əлеуметтік дүкеннің біріне бас сұқты. Мұнда сатушы тұрақтандыру қоры ұсынған тауар ретінде тек сүтті көрсетті. Ал өзге өнімдер кейінгі кездері əкелінбей жүргенін айтып қалды.
Мониторинг барысында кəсіпкерлердің əлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін, оларға үстеме бағаның шекті мөлшерін толыққанды білмейтіні байқалды. Демек, тиісті сала мамандары тарапынан түсінік жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді деген сөз. Мониторинг тобы сатушыларға қолданыстағы заңнама туралы мұқият түсіндіріп, олқылықтарды жедел жоюды қаперге салды.
Мұндай іс-шаралар жүйелі жалғасады. Келесі жолы ескертуді елемегендер болса, мониторинг тобы оларды заң аясында жазалауға күш салады.