Апта басында Ербол Ғұмарұлының төрағалығымен өткен облыстық қоғамдық кеңестің төралқа отырысында екі мəселе қаралды. Алдымен, аймақ бойынша такси тұрақтарын ұйымдастыру және жабдықтау жөнінде баяндама жасаған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдар Менеев такси тұрақтарының тізімдерін бекіту туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі қаулысының жобасын талқылауға ұсынды. Төралқа мүшелері жол қауіпсіздігі мəселесінің өзектілігін ескеріп, бұл сұрақты алдағы уақытта жан-жақты қарастыру жөнінде ұсыныс білдірді. Такси қызметінің сапасын арттыруға бағытталған облыс əкімінің əлеуметтік желіде жариялаған бастамасы да жиналғандар тарапынан қолдау тапты.
Жиында денсаулық сақтау саласы бойынша көтерілген мәселе де қызу талқыланды. Төралқа мүшелері бұл орайда қоғамдық кеңестің нақты жұмыс жоспары жасақталғанын, алдағы уақытта қадамдық жоспар бойынша тиісті ұсыныстар əзірленетінін, бұл мəселені жіті назарда ұстайтынын жеткізді.