Бұл ұсынысты БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов «Қоршаған ортаны және трансшекаралық өзендерді, оның ішінде Жайық өзенін қорғау жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтты. Іс-шараға Парламент жəне мəслихат депутаттары, өзімізбен қатар көрші елден сала басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, тəжірибелі мамандар мен экологтар қатысты.
— Өңірде өзендер тартылып, көлдер кеуіп жатыр. Мысал ретінде Жалтыркөл қорықшасын алайық. Оған Көшім өзенінің жоғарғы ағысы, Итбатыр және Жалтыркөл жағалаулары кірген еді. Аумағы 19 мың га. Көл жағалауында қоға, қамыс қаулап өсті. Айналада аң-құстың, ал су айдындарында балықтың түр-түрі болды. Қорықшаның қазіргі сиқын көрсеңіз, бір кезде нулы, сулы жер болды деуге сену қиын. Өзен-көлдердің мүшкіл халі флора мен фаунаға да кері әсерін тигізді. Кезінде тұтас ауданды асырап отырған Еділсор көлінің тағдыры да осындай. Жығылғанға жұдырық, кепкен көлдердің табанынан тұз көтерілсе, халықтың денсаулығына да қауіп төнері сөз. Жайық суға жарымаған соң, оның бойындағы орман алқабының қурап жатқаны жөнінде де мамандар дабыл қағып келеді. Кейінгі жылдары қуаңшылықтың зардабын тартқан еңбек адамдарының да шаруасы шатқаяқтап кетті. Шүкір, биыл көктем мен жаз шаруалар үшін қолайлы болды. Бірақ бұл көкейтесті мәселе күн тәртібінен түсті деген сөз емес, — деді Ербол Ғұмарұлы. Ол оңтүстік аудандарды сумен қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясынан су сатып алуға бөлінген қаржы көбейгенімен, инфляцияның әсері, су тарифі мен рубльдің құбылуы салдарынан межелі мақсатқа қол жеткізу қиындап кеткеніне тоқталды.
— Сатып алынған су көлемі өзендердің ағынын сақтауға ғана мүмкіндік береді. Біздің пікірімізше, келешекте қаржылық мүмкіндікті қайта қарап, көрші елден суды мейлінше мол алудың шұғыл шараларын қабылдауымыз қажет. Сол арқылы өзендердің ағынын сақтаудан бөлек, Казталов, Бөкей Ордасы, Жаңақала аудандарындағы кеуіп қалған су қоймалары мен көлдерді де толтырғанымыз дұрыс, — деді ол өз сөзінде.
Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасының ойынша Жайық өзеніне «ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектісі» мәртебесі берілуі керек. Айта кетейік, 2004 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген еліміздегі «ерекше маңызды өзендер» қатарына Жайық өзені енбей қалған.
— Арнайы мәртебенің жоқтығы ортақ мәселені шешу жолдарын белгілі бір деңгейде тұралатып тұрғаны түсінікті. БҚО Қоғамдық кеңесінің бұл ұсынысы бүгінгі жиында нәтижеге бағытталған ортақ келісімнің бірі болса дейміз, — деп түйіндеді Ербол Ғұмарұлы.