ҚР Парламентінің депутаттары Ләззат Рысбекова және Снежанна Имашеваның БҚО Қоғамдық кеңесі мүшелерімен кездесуінде аталған консультативтік-кеңесші, байқаушы құрылымның мүшесі Ғанмирлан Тұрғаналиев осылай деді. Тасқала аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы ауыл-аймақта түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерді жіпке тізді. Оның айтуынша, ауданда электр желілерінің 93 пайызы тозған, салдарынан ауыл тұрғындары жарыққа жарымай отыр.
«Аудан әкімінің ел алдындағы есептік кездесулеріне қатысып жүрмін. Тұрғындар тарапынан жарық мәселесі жиі көтеріледі. Жаңбыр күшейсе немесе жел тұрса болды, электр сымдары үзіліп, істен шығады да жатады. Республикалық дедік, біресе сенімгерлік басқаруға бердік, ақыр соңында қарапайым халық зардап шегіп отыр. Бұл тек осы салаға ғана қатысты мәселе емес. Көз көріп, құлақ естіп жүр. Маңызды нысандарды жекешелендіреміз деп, ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп, Меніңше, жарық, жылу және су жүйелері сияқты стратегиялық нысандар мемлекет меншігінде болуы керек», — деді Ғанмирлан Ғұсманұлы.
Айта кетейік, осы өзекті тақырып бұдан бұрын да БҚО Қоғамдық кеңесі отырысының күн тәртібіне шығарылып, талқыланған еді. Орталық атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар да жіберілді. Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ мүлкі коммуналдық меншікке берілді.