Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің төралқа отырысында консультативтік-кеңесші құрылымның биылғы бірінші жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспарының жобасы жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, осы жылға арналған медиа жоспар мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментімен бірлескен мемлекеттік қызметтердің сапасын мониторингілеудің іс-шаралар жоспары да төралқа мүшелерінің назарына ұсынылды. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов дайындалған жобаларға қатысты өзгерістер мен толықтырулар болса, ұсыныс-пікірлер ескерілетінін жеткізді.
— Құрметті әріптестер! Жыл басында жоспарымызды түзіп, биылғы іс-шаралардың басым бағыттарын нақтылап алуымыз керек. Сондықтан, ұсынылған жобаларға алып-қосарларыңыз болса, кеңесу үшін кездесіп отырмыз. Әрбір комиссия өз алаңдарында да ақылдасса артық болмайды. Мысалы, биыл да БҚО бойынша Мемлекеттік қызметі істері департаментімен ортақ жоспар жасақтаймыз. Қоғамдық бақылауды қажет ететін салаларды айқындайық. Басы бар, аяғы жоқ болса мониторингтен де мəн кетеді. Сондықтан, нәтижеге бағытталған кешенді қадағалау жұмыстарын жүйелеп алғанымыз маңызды, — деді Ербол Ғұмарұлы.
Төралақа мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова өздері жылдар жүзінде қолтаңбасын қалдырған мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бай тәжірибесін бөлісіп, түйіні тарқатылмаған тұстарды да тілге тиек етті.
Ұсынылған жобаларға тиісті түзетулер енгізіліп, мақұлданды.