Осыдан тура бір ай бұрын тарихы тереңде жатқан Ұлытау облысында ел-жұрттың назарын аударған алқалы жиын өтті. Жуырда облыстық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында ҚР Президентінің Жарлығымен Ұлттық Құрылтайдың құрамына енген жерлесіміз, ақын-жазушы, облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, БҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин ауқымды жиынның мән-маңызына тоқталды. Ол Ұлттық құрылтай мүшелерінің басты міндеті ел-жұрттың мұрат-мақсатын, арман-тілегін, өкпе-ренішін билікке жеткізу екенін айтты.
— Ұлттық құрылтайдың басты миссиясы – билік пен халық арасында ашық диалог орнату. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кең көлемді баяндамасында бұл міндетті бірлесе атқарсақ қана жемісті болатынына жан-жақты тоқталды. Еліміздің әрбір аймағынан жиылған Ұлттық Құрылтайдың мүшелеріне жұртшылықпен жиі жүздесіп, берік байланыс орнатуды тапсырды. Жазушы, журналист ретінде біз осыған дейін де қоғам өкілдерімен тұрақты байланыстамыз. Дегенмен, Ұлттық құрылтай мүшесі болу жауапкершілік жүгін еселей түседі, — деді Бауыржан Файзоллаұлы.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында ұйымдастыру сипаты басым болатыны түсінікті. Дегенмен, жер-жерден жиылған белсенді азаматтар ой-пікір білдіріп, ұсыныс-тілегін айтуға асығатыны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында өзекті мәселелерді қаузап, азаматтық көзқарасын жеткізген санаулылардың сапында Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин де бар.
— Ең біріншіден, шекараға таяу елдімекендерде халық санының азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірдім. Соған сәйкес, облыстың, ауданның ішкі аумағында орналасқан елдімекендерге қарағанда шекара шебіндегі елдімекендердің барлық мәселесін, атап айтқанда су, жол, көгілдір отын, қажет мамандарды тарту тағы басқа түйткілдерді бірінші кезекте шешудің маңыздылығына тоқталдым. Қаржылық мүмкіндік болса, шекарада тұрып, халық шаруашылығының әр саласында қызмет етіп жатқан отандастарымызға шекаралық коэффициент қосу керектігін құлаққағыс еттім, — деді ол.
Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет құраушы ұлттың діни әркелкілікке ұрынғанына, бұл қасіретті қаңтар оқиғасының да бір факторы екеніне қынжылыс білдірген Ұлттық құрылтай мүшесі Президентке біртұтас ұлт, біртұтас мемлекет болып қалу үшін халықты қайтадан дәстүрлі исламның аясына жинаудың маңызын, яғни діни біртектілікті мемлекеттік биліктің қамтамасыз ету қажеттігін жеткізген. Бауыржан Файзоллаұлы бұл өте ұзаққа созылатын үрдістің күрделі сипатта болу қаупін де жоққа шығармайды. Дегенмен, оның ойынша, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқының діни әркелкілікке ұрынуы кейінге қалдырған сайын ушыға түседі.
— Ата-бабамыз «бос жатқан жер жау шақырады» деген мәтелді әбден аузы күйгеннен кейін, басына тигеннен кейін айтқан деп ойлаймын. Бос жатқан жерді тек малға емес, ең бастысы, алдымен елге, халыққа толтыру керек. Ол үшін әрине демографиялық дүмпу керек. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік билік өте маңызды стратегиялық мұрат-мақсатқа материалдық тұрғыдан ынталандыру тетіктерін ойластырса деген ұсынысымызды да айтып үлгердік, — дейді әріптесіміз.
Бауыржан Файзоллаұлы көтерген төртінші мәселе жеңіл өнеркәсіпке қатысты. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде ауыл-аймақты аралағанда жұртшылықтың жиі көтеретін мәселесі — халықаралық нарықта алтынмен пара-пар жүн-жұрқаның, тері-терсектің ит рәсуа болуы.
— Кеңес Одағы кезінде Оралдың өзінде бірнеше жеңіл өнеркәсіп нысаны болды. Өндіріс ошақтарының бәрінен айырылып қалдық. Бұл туралы белді басылымдарға да бірнеше рет мақала жаздым, журналистік зерттеу жүргіздім, байыбына бара алсақ, бұл Қазақстан экономикасының күретамырына айналатын сала ғой. Барлық өңірде жеңіл өнеркәсіп кластерін қалыптастыруға толық негіз де, мүмкіндік те бар. Әсіресе, экспорттық әлеуеті зор біздің облыста жеңіл өнеркәсіпті қайта жандандыру керек. Осы мәселелерді мемлекет басшысының алдында көтерудің сәті түсті. Алдағы уақытта да ел-жұрттың өтініш-тілегін жеткізуге күш саламын, — деді Бауыржан Файзоллаұлы. Ол Ұлттық құрылтайда қаузалған өзге де мәселелер қақында әріптестері жолдаған сұрақтарға жауап берді.
БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың құрамына енген жерлесімізді тағы бір мәрте құттықтай отырып, жауапты қызметіне табыс тіледі.
— Бауыржан Файзоллаұлы – танымал қаламгер. Тұтас еліміздің тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер талқыланатын ауқымды жиында жұртшылықтың аманатын арқалап, билікке жеткізу жолында білім-білігі, тәжірибесі жететін әріптесімізді сенім биігінен көретініміз анық. Біз де ортақ іске араласып, қолдауға дайынбыз, — деді Ербол Ғұмарұлы.